«Үркерге» – 25 жыл!

Сообщить о проблеме с эфиром

Есесіне ертеден келе жатқан «Үркер» тобы бейнебаян таспалауға асықпайды! Ел алдында өзімізді баяғыда-ақ дәлелдегенбіз дейтін жігіттер, мерейтойлық кешін дүркірете атап өткен еді. Алайда, осы шарада ұжым мүшелерінің кейбірі жасырған өкпе-назын ашық айтты.

Қазақ эстрадасы аспанының үркер жұлдызына айналған, этно-рок ұжымға 25 жыл! Ширек ғасыр бұрын құрылып, талай тыңдарманның құлақ құрышын қандырған әйгілі топ, атаулы күнде күллі жанкүйерлері мен экс-мүшелерін қайта жинауға тырысты.

Кешке топтың бұрынғы мүшесі Дәурен Сыздықов та келуі тиіс еді. Алайда, өнерпаз Мәскеуден жете алмай қалған көрінеді. Есесіне, «Үркердің» игілігі үшін 10 жыл бойы аянбай тер төккен Нұрлан Албан сахнадан табылды.

Өз уақытында өнерпаздар өзара түсініспеушіліктен соң, топтан кетті деген қауесет желдей ескен еді. Бұған қатысты, Нұрлан Албан өз ренішін білдірді.

Нұрлан Албан, әнші:

-«Болар елдің баласы бірін-бірі батырым» дейді қашан да. Сондықтан да, егер Үркермен ат-жібімді үзісіп кетер болсам, бүгінгі күні концертке қатысамын ба. Сондықтан, жоқ. Ол елдің қаңқу сөзі. Халық болған соң, халықтың өзі екі түрге бөлінеді. Біреуі сені даттайды, біреуі сені мақтайды. Сондықтан, даттап жатқан ағайындардың ойы шығар.

Үркерліктермен қатар, мерейтойда өзге әртістер де өнерлерін ортаға салды. Мәселен, шығармашылықтан тыс Жәмиля Серкебаеваның рок-ұжыммен байланысы тығыз көрінеді.

Жәмиля Серкебаева, скрипкашы:

-Айдос екеуіміз бірінші сыныпта бірге оқыдық. Оқу жылының алғашқы күні, мұғалім екеуімізді бір партаға отырғызып қойды. Яғни, Сағатов пен Серкебаева. Болашақта дәл осылай шығармашылық кештерде бас қосамыз деп кім ойлаған.

Кештің қадірлі қонағы ретінде шақырылған Парвиз Назаров болса, бүгінде тыңдарман арасында «Үркерге» деген сұраныстың азайғанына сенгісі келмейді. Тіпті әнші, кейбір әріптестеріне қатысты өз наразылығын айтып қалды.

Парвиз Назаров, әнші:

-«Үркер» – нағыз әртіс, нағыз музыкант, нағыз жұлдыздың эталонына айналғандай. Жігіттер бүгіннің өзі жанды дауыста керемет кеш өткізді. Сондықтан, өзге әншілерге «Үркерден» үлгі алсын дер едім. Қазір барлығы фонограммамен ән айтуға әбден үйреніп алған.

Лық толған залға қарағанда, жанкүйерлер қазақтың этно-рок ұжымын расымен сағынғандай. Тыңдарман әсерлі әндерді бірге орындап, Үркерліктермен қимай қоштасты.