Өткен апта сән қуған сұлулар үшін әдеттегіден ерекше өткені сөзсіз. Жылдың ең айтулы шарасы Kazakhstan Fashion Week өз шеруін аяқтаған еді. Сонымен, дизайнерлердің пайымынша, келер маусымның тренді қандай? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Kazakhstan Fashion Week-ке қатысқан дизайнерлердің пікірінше, бел сөмкелер келер жылы да сәннен кетпек емес. Мұндай аксессуарды, әсіресе, «Аруназ» бен «Динара Сәтжанның» топтамасынан байқауға болады.
Жамиля Серкебаева, скрипкашы:
-Әрбір көрсетілім арқылы өзіме қызық әрі пайдалы дүниелерді таптым. Келер жылдың тенденциасы қандай дегендей. Динара Сәтжанның ұсынған заттары көңілімнен шықты.
Мақпалдан тігілген киімдер де, гардеробтың негізін құрауы тиіс. Аида Кәменованың сүйікті матасы, бұл жолы өзге дизайнерлердің үлгілерінен де табылды.
Үш күнге созылған фешн шарада тың тренд ұсынбаса да, шоу жасай білген дизайнерлер де бар. Мысалы, Тамара Ламанукаева көрсетілімінін әсерлі әнмен ашса, Камила Бах ерекше реквизиттерді қолданды.
Камилла Бах, дизайнер:
-Бұл маусымда топтамамды қайсар мінезді әйелдерге арнадым. Яғни, өзін қорғай алатын, батыр арулар. Сондықтан да, тапаншалар мен Малифисентаның образын пайдаландым.
Алайда, қойылым ұйымдастыруда Шабунин өз әріптестеріне шаң қаптырды. Дарынды дизайнер сән сахнасын нағыз лазерлік шоуға айналдырды.
Айжан Нұрмағамбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
-Керемет, неге десеңіз, ештеңе ұсақ нәрсе болмайды, иә, осындай жұмыста. Шоу, жарығын да, дыбысын да бәрін де, режиссурасын да.
Алайда, Шабуниннің үлгілерін келген меймандардың көпшілігі көк түтіннің арасынан дұрыстап тамашалай алмады. Бірақ сәнгер бұл олқылыққа көңіл түсірмек емес. Келесі KFW-да бұдан да ерекше шоу ұсынамын деп уәде берді.