Шахизада мен Ерке Есмахан арасында нағыз айқас басталды. Ән мәселесі әріптестердің өзара сыйластығына сызат түсірген көрінеді. Алғашқыда әпкесі орындаған туындыны, кейін өнердегі сіңілісі өз репертуарына рұқсатсыз қосып алған.
«Өмірлік әнім болшы» - текетірестің туындауына түрткі болды. Осыдан 30 жыл бұрын жарыққа шыққан шығарманы алғаш рет шырқаған Шахизаданың өзі. Алайда, отандық тележобалардың бірінде Еркенің орындауында естіп, жайсыз жағдайды бастан кешкен.
Шахизада, әнші:
-Өзім бір түрлі болып қалдым. Біледі ғой ол енді о баста менің әнім екенін, бейнебаян түсіргенімді. 30 жыл бұрын шыққан ән, мысалы. Сол бейнебаянды көріп, сол әнді тыңдап өскен қыздар ғой енді. Сонда бір ауыз Шахизада апай, осы әнді орындасам қалай болады деп айтса, мысалы мен еш уақытта «жоқ» деп айтпаймын ғой.
Бұл Еркенің орындаған нұсқасы. Алғашқыда Шахизада: «Сазгердің рұқсатын алған шығар» - деп топшылған. Бірақ Есмаханның командасы ешкімге хабарласпаған. Ән авторы да аң-таң!
Шахизада, әнші:
-«Өмірлік әнім болшы» әнінің авторы Гүлнәр Дәукенова да маған айтты: «Ол енді Ерке қызымыздың ол тірлігі дұрыс болмады. Сенің алдыңнан өту керек еді. Мен де өзім таң қалдым» - деп автордың өзі солай айтып жатыр.
Ашуға булыққан өнер иесі, алдынан бір өтпеген Есмаханның еркелігін кешіре алмай отыр.
Шахизада, әнші:
-Сыйламағандық шығар деп ойлаймын. Үлкенді сыйлау керек, рұқсат алу керек. Қазір енді 21-ші ғасырда телефон бар емес пе? Шахизада апай естіп жатырмын, ренжіп қалған жоқсыз ба деген сияқты. Одан кішірейіп қалмайды ғой!
Әзірге Еркенің тарапынан ешбір жауап жоқ! Алдағы уақытта өнердегі әпке мен сіңілі арасындағы жанжал оң шешімін табар деген ниеттеміз!