Актриса ретінде танылған Іңкәр Әбдіраш та, бұдан-былай қазақтың киносын дамытуға өз үлесін қоспақ. Өнерлі ару әке жолын қуып, алғашқы фильмін таспалап жатыр. Алайда, режиссерлыққа жаңадан кіріскен Іңкәр, ет жақынының өз ісіне араласқанын қаламайды екен.
Киноәлемге режиссер ретінде алғашқы қадамын жасаған Іңкәр Әбдіраш салмақты тақырыптан бастауды жөн көріпті. Актриса бұл күндері балалар үйіне қатысты қысқаметрлі әлеуметтік драманы таспалауда.
Іңкәр Әбдіраш, актриса, режиссер:
-Өмірден алынған оқиға. Бірнеше жыл бұрын маған айтып берді бұл оқиғаны. Балалар үйіндегі бала кинокастингке өтеді. Басты рөлде ойнап, сол балалар үйінде жұлдыз болады. Бірақ мен бұл сценариге басқа оқиғаларды қосып жібердім.
«Мағжан» атты лента, кино әлемінен сыр шертеді. Іңкәр Әбдіраш, фильм барынша шынайы болу үшін, бүлдіршіндерді балалар үйінен іріктеп алыпты. Ал, туындыдағы актрисаның образы – Гүлнәр Селбаеваға сеніп тапсырылған.
Іңкәр Әбдіраш, актриса, режиссер:
-Гүлнар Сильбаева, өзі КВН-нен келген актриса, көбіне комедияларға түседі. Бірақ бұл фильмде мен оны сындырып жүрмін. Кейде беріліп КВН образында ойнап кететін сәттері болады. Сонда Гүлнар тыныштал, кішкене басымырақ ойна деп айтасың.
Гүлнәр Селбаева, актриса:
-Бар қиындық кейіпкерім екеуіміздің екі түрлі болуымызда. Ол өте жұмсақ, нәзік, байсалды. Ал, мен болсам керісінше өте экспрессивті адаммын. Сондықтан, көп жағдайда өзімді ұстап қалуға тура келеді.
Киногер Рүстем Әбдіраш болса, әке жолын қуған қызына бірден оң батасын берген көрінеді.
Іңкәр Әбдіраш, актриса, режиссер:
-Енді жалпы қандай оқиға екенін біледі. Бірақ сценаридің ішкі құрылысын, қандай кадрлар, оны әрине білмейді. Меніңше дұрыс емес басқа режиссерлерге көрсетіп, айту.
Іңкәр Әбдіраш тырнақалды туындысын халықаралық байқауларға қатыстырмақ ниетте.