Мөлдір Әуелбекова сұхбат кезінде серт бергенімен, санаулы уақыттар өткен соң уәдесіне берік болмай шықты. Жеке концертін өткізу жайлы камера алдында талай мәрте ант ішкен әнші, тағы да сөзінде тұрмады. Себебі не? Сұрап көрдік!
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
-Жанды дауыспен үлкен концерт беру арман. Арманым жоспарға айналды. Сол себепті дайындық кішігірім басталып кетті. Күзде менің алғашқы жеке концертім болады!
2018-дің қаңтарында дәл осылай жоспарын жариялаған Мөлдірдің мақсаты орындалмады. Алғашқыда ән кешін жарнамалады, кейін осы сұхбатында альбомы жайлы ақпаратын айтып ағынан жарылған еді.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
-Қазір 23 ән жиналды. Үнтаспамды шығарамын. Көктемде Құдай қаласа үлкен тұсаукесер жасап, сіздерді шақыратын боламын.
БАҚ өкілдерін шақырған жоқ. Өйткені көктемге жоспарланған тұсаукесері өтпей қалды. Тілшілермен тілдесе қалса уәдені үйіп-төгетін Әуелбекованың, ауқымды ән кеші келер жылға қалған сияқты.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
-Келесі жылдың көктемінде үлкен концерт. Шоу концерт. Жанды дауыста оркестрмен концерт. Бірден Алматы мен Астана деп жоспарлап отырмын.
Ал, биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтуді көздеген «Mysterions-тық» серілер де соңғы кездері сөзінде тұрмай жүр.
Арман Қоңырбаев, «Mysterions» тобының әншісі:
- Балалармен шамалап былай ойландық та, қандай концерт жасаймыз деп. Республика сарайы жақсы ғой. Ақша табу, жанды дауыс. Бірақ біздің ойымыз бір алаңда, тегін. Яғни біз керісінше халыққа сыйлықтар беріп деген сияқты... 10 жылдықты солай тойлағымыз келеді.
Бұл жігіттердің бастапқы жоспары еді. «Дәл қазір концертке қатысты кейбір сұрақтар шешілмей жатыр», - деп сендірді. Олардың басын қатырған қаржы мәселесі секілді.
Арман Қоңырбаев, «Mysterions» тобының әншісі:
-Жасағаннан кейін бір дүркіретіп мықты концерт жасау керек. Ал ондай мүмкіндік болмаса, онда жасамай қойған дұрыс деп ойлаймын да.
Сонымен, биыл «Mysterions» тобының да концерті болмайды. Ел алдында ант ішкен әншілер, 2019-да 11 жылдықты тойлауды ойлап жүр ме?