Қазақстан премьер-лигасы өз алдына бір әлем. Чемпиондықтан тағы да шет қалған «Қайратқа», жанкүйерлері сүреңсіз ойыны үшін байкот жариялаған еді. Оқиғаның ізі суымай жатып бас бапкер Карлос Алос жұмысынан кетті. Алматылық футбол клубының қожайыны Боранбаев енді кімді жазаламақ?
43 жастағы Карлос Алос Феррер алматылық клуб тізгінін 2017 жылы 26 шілдеде ұстаған еді. Былтыр испан маманының жетекшілігімен команда Қазақстан кубогын жеңіп, ел чемпионатында күміс алды. Биыл да «Қайрат» біріншіліктегі басты қарсыласы «Астанадан» 10 ұпайға қалып келеді.
Қайрат Боранбаев, ”Қайрат” ФК бақылау кеңесінің төрағасы:
-Феррер жұмысынан қуылды. Ол команда алдына қойылған тапсырмаларды орындай алмады. Жақсы маман боса да, оның тәжірибесі жетіспеді және тілді білмеуі кедергі болған сияқты. Енді Германия ұлттық құрамасы бапкерінің кеңесшісімен келісімшартқа отырдық. Оның кім екенін жақын уақытта жанкүйерлерге таныстырамыз.
Әзірге «Қайрат» тізгінін Андрей Карпович уақытша қолына алмақ. Оған жүктелген тапсырма – ел кубогын жеңіп алу. Биыл алматылық команда алғаш рет тек жергілікті футболшылармен ғана ойнап, Қазақстан кубогының финалына жеткен. Ал шетелдік легионерлерге деген талап-тәртіп енді күшейтілмек сынды.
Қайрат Боранбаев, ”Қайрат” ФК бақылау кеңесінің төрағасы:
-Кезінде оқу-жаттығу жиындары уақытында қыздармен көңіл көтерген Суарес пен Асеведоны біз клубтан қудық. Тәртіп солай! Ал Аршавин секілді футболшыларды командаға шақыру - ең бірінші маркетингтік қадам еді. Андрей өзін көрсетті. Үш жыл бұрын «Қайратты» ешкім білмейтін.
Андрейді алдырып «бір оқпен екі қоян аттық» деген Боранбаев, «Қайратта» үш маусым тер төккен Аршавин қалуды ойласа тағы келісіп көрмек. Оның сөзінше Бауыржан Исламхан алаңдағы басты кейіпкерге айналып, қазақстандық жас ойыншылар енді негізгі құрамға көптеп тартылмақ.
Алпыс жылдан астам тарихы бар клуб 2004-жылдан бері чемпиондық тәжге қол жеткізе алмай келеді. Соңғы сүреңсіз ойындары үшін жанкүйерлері «Қайрат» командасына байкот жариялаған еді. Боранбаевтың сөзінше бұл аса бас ауыртатын тақырып емес.
Қайрат Боранбаев, ”Қайрат” ФК бақылау кеңесінің төрағасы:
– Біз жанкүйерлермен кездестік, әңгімелестік, олардың қолдауын сұрадық. Соңғы ойынға келмеген 300 адамға бола, біз ештеңе жоғалтпаймыз.