«Қазақ хандығы» жайлы Аян Өтепберген сырт шертті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгінгі таңда, Оңтүстік Қазақстанда «Қазақ хандығы» киножобасының екінші бөлімі таспалануда. Актер Аян Өтепбергенге, тарихи лентаға түсу оңайға соқпай жатқан көрінеді. Себебі, өнерпаздың мұнымен қоса Сатаевтың «Томирисін» қатар алып жүрген жайы бар.

Осыдан бір жыл бұрын журналистердің алдында, «Қазақ хандығы» кино эпопеясының жалғасын таспалайтынын жариялаған Рүстем Әбдіраш, бұл күндері қызу жұмысқа кіріскен. Режиссерғ тарихи лентаның жаңа маусымын таспалауға, кең-байтақ жеріміздің оңтүстік өңірін қолайлы деп таңдаған екен.

Рүстем Әбдіраш, режиссер:

-Бірінші маусыммен салыстырғанда, ыңғайлы жағдайда жасалынып жатыр. Біріншіден жазғытұрымда түсіріп жатырмыз. Бірінші маусым жаз бен қыста еді. Көктем мен жаздағы түсірілім көңілден шығып жатыр. Көз тимесін деп ештеңе айтқым келмейді.

Ал, «Қазақ хандығынан» өзге Ақан Сатаевтың картинасына қатар түсіп жатқан Аян Өтепбергенге, керісінше, оңайға соғып жатқан жоқ. Алайда актер, сан-түрлі қиындықтарға қарамастан, жұмыстың ләззатын да сезініп жүр екен.

Аян Өтепберген, актер:

-Әрине, тарихи кино түсірілімі әрқашан қызық қой. Артта міне, алтыбақанда қыздар, біреулер аттан құлап жатады. Біреулерге қайғы, біреулерге күлкі. Сондай сияқты қызықты нәрселер бар.

Жас актер лентаның түсірілімі ғана емес, тарихи туындының жалғасы да қызық боларына сенімді. Себебі, бұл жолы оқиғалар желісі бұрынғыдан да шиеленісе түспек. Фильм экшнға толы болады дейді ол.

Аян Өтепберген, актер:

-Оқиға желісі бойынша сол баяғы жау, Шахмұхаммед қой. Әбілқайырдың кіші немересі. Сол басты жау фильмде, тарихта да солай. Бірақ, екінші маусымда оның кегін Қасым алады.

Киногерлер, сәтін салса «Қазақ хандығының» түсірілім жұмысы көп ұазамай өз мәресіне жетуі тиіс дейді. Сондықтан, ел көрермені тарихи лентаны осы жылдың соңына қарай тамашалап қалуы бек мүмкін.