Андрей Аршавин 37 жасқа толды. Үшінші маусым қатарынан «Қайрат» сапында жасындай жарқылдап жүрген ойыншы, туған жерінде өтетін Әлем Чемпионатына бара алмайды. Себебі, жартылай қорғаушыға «Ресей» ұлттық құрамасында орын табылмаған.
Бүгінде қырықтың қырқасына таяған Аршавин, «Қайратқа» келген үш жылында екінші тынысын ашты. «Кубань» сапында қосалқы құрамда отырудан жалығып, Андрей 2016 жылы алматылық клубқа ауысқан еді. Содан бері, қайта түлеген Ресей тарихындағы үздік аяқдопшылардың бірі, оңтүстік астана жанкүйерлерін жерге қаратқан емес. Оның әріптестеріне жеткізетін жемісті пастары мен нәтижелі соққылары әлі де талайды таңырқатып жүр.
Биылғы Қазақстан Премьер лигасы басталғалы, Аршавин 5 гол соғып үлгерген. 2017-жылы 7 доп тіркесе, 2016 жылы 8 соққысын қарсыластарының қақпасына дәл дарытқан. Дәл сол маусымда, өзінің футболшылық қабілетіне күмән келтірген блогермен бәстесіп, жеңген соң оның шашын тықырлап қиып бергені де ел аузында. Аршавиннің жеке басы мен жанұялық мәселелері де БАҚ беттерінде жиі сөз болады. Дегенмен, алаңдағы ойын өрнегі мен жігері, оның тұлғалық қасиетін еш құлдыратқан емес.
Аршавин бағы мен бабын «Қайрат» сапында қайта тапты. Оның футболшылық мансабы - құлдилап құлау мен биіктерге самғаулардан тұрады. «Арсенал» сапында жүргенде, Энфилд стадионында «Ливерпуль» қақпасына покер жасауы - Андрей талантының хабаршысы. Бірақ, өз дәуіріндегі еуропаның шоқтығы биік ойыншысына, ұлттық құрамасынан орын табылмауы өкінішті-ақ. 2018 жылы Ресейде өтетін Әлем Біріншілігінен, Шаваны көрігіс келетін жанкүйер көп. Әйтсе де, кей мамандар оны қартайды деуден жалықпайды.. Андрей болса қауқары қайтпағанын Қазақстанда әлі дәлелдеумен келеді.