Бүгінде баласын жастайынан танымал қылу, ата-аналардың басты ұмтылысына айналғандай. Десек те, мұндай асығыстықты кей жұлдыздар қолдамайды. Олардың сөзінше, ұл-қызды «әртіс» қылғаннан гөрі, алдымен қызығушылығына мән берген жөн...
Дастан Оразбеков, балаларға арналған түрлі жобаларда жиі бой көрсетеді. Жас өрендерді қолдайды, қосыла ән де шырқайды. Бірақ, барлығының өнерге деген құштарлығы көңіл қуантарлықтай емес екен.
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі :
-Бүгінгі интернеттің дамуы, оның үстіне өнер адамдарына сұраныс көп болғандықтан, жарнамалардың барлығына өнер адамдары жүргендіктен, менің ойымша ата-аналар балаларын өнерге беріп, «жұлдыз» болса екен дейді. Бірақ, енді жұлдыз аспанда!
Әйгілі әншілермен дуэт орындау, баланы танымал қылудың таптырмас тәсілі екенін Сиви де растап отыр. Бірақ, бүлдіршінді қалауынан тыс, сахнаға бейімдеу – ата-ананың ағаттығы дейді.
Сиви Махмуди, әнші, актриса:
-Таланты жоқ, оны қинап, талантын шығару керек жоқ деп ойлаймын. Оларды кішкентайынан уақытын алып, оларды «жұлдыз ауруына» ұшыратып...Сол үшін мен өз балаларымды жұлдыз қылғым келмейді.
Иә, өйткені өнер жолының қиын екенін, олар жақсы біледі. Ал, Бағлан Әбдірайымовтың бұрымдысы әннен гөрі, боксқа бейім екенін байқатқан.
Бағлан Әбдірайымов, тобының әншісі:
-Ең қызығы мен үйде оған бір-екі рет қолғап кигізіп, лапа ұстап бердім. Бір-екіні қалай ұру керектігін үйреттім. Соның өзін қағып алды. Ұрған кезде кәдімгідей, қолының күш-қуаты бар да.
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы! Алайда, таңдауын жасаған бүлдіршін, шалыс баспаса болғаны.