«Рензо» екі жаста! Отандық шоу-бизнесте тәй-тәй басқан бойзбенд, түрлі қиындықтарды бастан кешкен. Өнерпаздардың бірі топ әріптестерімен тіл табыса алмаса, екіншісі өмірімен қош айтысуға сәл қалған көрінеді. Алуа ханым бұл тығырықтан қалай шықты?!
Екі жылдың ішінде «Рензо» серілері талай сәтсіздікті бастан өткерген. Бірақ, тосыннан болған келеңсіз жайттар да, жігіттердің жігерін жанши алмапты.
Алуа Қонарова, продюсер:
-Қиын кезеңдер Рензоның экс-мүшесі Жанболатта жиі болды. Ол жігітпен бұдан да ертерек қоштасуымыз керек болған. Өйткені, ұжыммен ойы бір жерден шықпады. Топ әншісі Есет кенеттен пышаққа түсіп, бізді әбігерге салғаны бар.
Топтың туған күнінде ұйымдастырылған фан-митингте, «Рензо» жаңа құраммен таспаланған «Like you» атты клиптің тұсауын кесті. Бішкекте түсірілген бейнебаян желісі, таптаурын тақырыптардан емес.
«Renzo» тобы :
-Алдындағы бейнебаяндарға ұқсамайды. Себебі, бұл жерде сюжет бар. Кішігірім хикая сияқты. Ерекшелігі де сол. Сол үшін де түсірілім жұмыстары қиындау болды.
Тың видеоның сюжетінде құмар ойынға беріліп, ақшаға құныққан жігіттердің өмірі суреттелген. Басты кейіпкерлердің бірін сомдау, топтың жаңа мүшесі Даулет Өзбековке бұйырыпты.
«Renzo» тобы:
-Қазірдің өзінде жылы қабылдады. Фан-митингте мысалы. Өте қатты қуаныштымын. Алдағы уақытта халық жақсылап танып, өзінің бағасын бере жатар енді.
Адал жанкүйлерлері сүйікті тобын меншікті мерекесімен құттықтап қана қоймай, тәттілерін де қолтықтай келген. Жігіттердің ендігі мақсаты - алғашқы күйтабақты жарыққа шығару!