Чемпиондар Лигасының финалында жарақат алған Мохамед Салахқа қатысты дау басылар емес. Мысырлық заңгерлердің бірі, әйгілі жерлесіне зақым келтірген «Реал» қорғаушысы Серхио Рамосқа қарсы шағымын ФИФА-ға жолдаған. «Ливерпуль» шабуылшысының шашбауын көтерген заңгердің талап-арызы қанағаттандырылатын болса, мадридтік клубтың ойыншысы 1 млрд доллар өтемақы төлеуі ықтимал.
Бассем Вахба есімді адвокат, бұл қаржы қолына тисе қайырымдылық қорына аудармақ екен. Ол, Рамосты Мысыр халқына психологиялық және Салахқа физикалық зардап келтірді деп айыптап отыр. Еске салсақ, «Реал» ақтық сында «Ливерпульді» жеңіп, Чемпиондар Лигасын қатарынан үшінші мәрте ұтқан еді. Ал, Мохамедті жыққан Серхио тіпті төрешіден ескерту де алмаған болатын.