Астанада әсемдікке жаны құмар жандарды тоғыстарған Kazakhstan Fashion Week басталды! Сән мерекесіне, отандық өнерпаздармен қатар Мадонна мен Леди Гаганың сүйікті дизайнері де төбе көрсетпек. Меймандарды одан өзге қандай қызықтар күтуде?
Фэшн мереке әдеттегідей ұйымдастырушылардың журналистермен сұхбатынан басталды. Бұл жолы KFW Astana елорданың 20-жылдығына арналмақ. Соған сай, сән салтанатының ауқымы да ерекше.
Ал, кеш меймандары арасында: KFW-ның негізін қалаушы Ирина Байжанова, фэшнге жаңадан қадам басқан тележүргізуші Динара Сәтжан, шетелде отанын танытып жүрген сәнқой Қорлан Мәди сынды бикештер бар.
Ал, сән апталығының дәстүрлі қатысушысы ретінде Сергей Шабунин өзінің топтамасын тілге тиек етті.
Сергей Шабунин, дизайнер:
-Бұл жолы да қара түстен қашық болуға тырыстым. Айналамызға қараңызшы, жарқын түстерге толы! Менің топтамам да дәл сондай.
Ал, әсемдік мерекесінде жалпы жиырмаға жуық дизайнер, киім үлгілерін таныстыратын болады. Олардың ішінде фешн әлемінің майталмандары да жетерлік. Мәселен, соның бірі - On Aura Tout Vu (он орА то вю) сән үйі. Тарихы ширек ғасырды құрайтын бренд Леди Гага, Мадонна, Гвен Стефани, Ники Минаж сынды танымалдарды киіндіріп үлгерген.