Димаш Құдайберген бүгін, яғни 24-ші мамырда, 24 жасқа толды. Жанкүйерлері желіде музыкантты меншікті мерекесімен жарыса құттықтап жатса, әнші жігіт тыңдармандарына тың туындысын тарту етті.
Туған күнінде тұсауы кесілген клип «Screaming» деп аталады. Бұл Димаштың ағылшын тілінде таспаланған алғашқы бейнебаяны. Желіге жүктелген сәтте-ақ, жаңа видеоға жазылған пікірлердің санында шек жоқ! Басым көпшілігі туындыға оң бағасын беріп жатыр.
Тың тректің әуені, Muhgal есімді композитордікі. Ол осы уақытқа дейін әлемге әйгілі Шакира, Ашэр, Рианна сынды жұлдыздармен әріптес болған музыкант. Клип сюжетінде бірнеше образға енген Құдайбергеннің, әлемді шарлағаны суреттелген.