«Мунлайттық» әншілер топтағы жұмыспен қатар, жеке дара жетістікке жетуді де қолға алған сыңайлы. Таяуда өткен Батырхан Шөкенов атындағы байқау, ұжым фанаттары айкезбелердің бөркін аспанға атқан күні болды. Өйткені, аталмыш бойзбендтің солисі, жас орындаушылар сайысының гран-приін жеңіп алған...
«Мунлайт» тобының әншісі Ерік Төленов, Батырхан Шөкеновтің құрметіне орай өткен байқауда, туған өңірі Оңтүстік Қазақстан облысының атынан бақ сынады. 25 конкурсанттың ішінен үздік шыққан жігіт, әйгілі музыканттың репертуарындағы «Грешная страсть» әнін орындап, бас жүлдені еншілеген.
Ерік Төленов, «Moonlight» тобының әншісі:
-Конкурсқа бір апта көлемінде дайындалдым. Өйткені қатысамын деген мақсат, орын аламын деген ой болған жоқ.
Гран-при иегеріне табысталған ақшалай жүлде - 700 мың теңге! Екі кезеңен тұрған сайысқа қазылық еткен Ринат Гайсин, Дильназ Ахмадиева, Рүстем Нұржігіт сынды өнер майталмандары, «мунлайттық» әншінің вокалдық қабілетіне тәнті болған көрінеді.
Ерік Төленов, «Moonlight» тобының әншісі:
-Дәл сол кісілердің арқасында мен сол орынға ие болдым. Өйткені, сол кісілер мені қолдады. Менің жан-дүниемді түсінген болар деп ойлаймын.
Еріктің бұл жетістігі топтағы әріптестері үшін де үлкен мәртебе. Бұл жігіттер бір ұжымда өнер көрсеткенімен, жеке шығармашылыққа да шектеу жоқ.
Еркехан Абдолдаев, «Moonlight» тобының әншісі:
-Әркім өзінің өнерін, ішкі жан-дүниесін сол жолда көрсетемін деген сенімде болса, оған ешқандай шектеу жоқ. Біз бәріміз өзімізді жан-жақтан көрсетсек те, біз «Moonlight» тобымыз ғой. Бұл жағымды жаңалық топтағы өзге өнерпаздарға да шабыт сыйлағандай.
Еркехан Абдолдаев, «Moonlight» тобының әншісі:
-Мен композиторлыққа қатты қызығамын. Әртүрлі синематиктер жазуға, неоклассикалар жазуға. Сол себепті кейін болашақта, Құдай қаласа сол жағымды дамытып жастам, әлемдік деңгейге шығып, Қазақстанның классикасын дамытқым келеді.
Десек те, топ жұмысы тасада қалмайды. Бүгінде бұл бойзбенд алғашқы альбомын әзірлеу үстінде!