«Францияда өтіп жатқан Канн фестиваліне бара қалсақ, кинобәйгенің талаптарын толықтай «орындай алмаспыз» -дейді отандық жұлдыздар. Мысалы, Айдай Исаева айтулы кеште сэлфиден бас тарта алмайтынына сенімді.
71-ші рет шымылдығын түрген Канн фестивалі, биыл тағы бір ережемен толықты. Жаңа талапқа сай, жұлдыздарға сэлфи жасауға тиым салынған. Ұйымдастырушылар сөзінше, бұл қызыл кілемге сай қылық емес және айтулы салтанатта бейберекеттік тудыратын бір себеп екен.
Алайда, кинобәйгенің тың талабы шетелдік қана емес, отандық өнерпаздардың да наразылығын тудыруда.
Лидо, әнші:
-Суретке түсуге болмайды дегенмен келіспеймін. Ондай ауқымды шарада, өзге жерде жүре бермейтін көптеген танымал адамдарды кездестіресің. Сондықтан да, ұйымдастырушыларға сэлфиді заманның талабы ретінде қабылдаған жөн.
Ал, әнші Кентал Каннға шақырса болғаны, тіпті суреттен де бас тартамын деп отыр.
Кентал, әнші:
-Болмайды сэлфи десе, жарайды деп. Мысалы мейрам бойынша, мүмкін ол заңы болса жарайды. Мен суретсіз жүре аламын, маған сурет маңызды емес.
Танымал сәнқой Айдай Исаева болса, айтулы шараның қадірлі мейманы атанса, қызыл кілемде кіммен суретке түсетінін де белгілеп қойған.
Айдай Исаева, сәнқой:
-Адам баласы болғаннан кейін, ұнайтын адаммен суретке түскің келеді. Мысалы мен Бейонсты ма, өзімнің жақсы көретін адамымды көріп қалсам, міндетті түрде суретке түсіп алайық деп айтам.
Ал, әзірше Айдай өзі жанкүйерлерімен сэлфиге түсіп, табынушыларына қуаныш сыйлауға дайын.