«Әміре» фильмінен соң, отандық киногерлердің, тарихи тұлғаларға аңсары ауа бастағандай. Енді, алып күш иесі - Қажымұқан Мұңайтпасовтың өткен өмірі таспаға тартылмақ. Ал, даңқты балуанды сомдау қай актерге бұйырды? Картинаның режиссеры кім?
Отандық киноиндустрияның қоржынын «16 қыз», «Той любой ценой», «Ең сұлу» сынды картиналармен толықтырған Қанағат Мұстафин, комедиядан жалыққанын айтады.
Қанағат Мұстафин, режиссер:
-Қазір комедияның бумы кетіп бара жатқан сияқты өзіме. Өзімде шынымды айтам, тойған сияқтымын. Енді, бір үлкен бір жоба түсіргім келіп жүр, Қажымұқан бабамыз туралы. Соны қолға алайын деп жүрмін.
Алып тұлға - Қажымұқанның рөлін сомдау, актер Дәулет Әбдіғапаровқа бұйырған. Режиссер дәл осы тарихи фильмге 10 жыл бойы дайындалыпты. Даңқты балуанның өмір жолын, толықметрлі кинотуындыға айналдыратын жобаның түсірілім жұмыстары келер жылы басталады.
Фильмографиясы тек комедиядан тұратын Жеңісханның да, қазақ қаһарманы жайлы көлемді картина таспалау жоспарында бар!
Жеңісхан Момышев, режиссер:
-Бір қазақтың, бұрындары болған өзіміздің батырын түсіргім келеді. Өзімнің достарымның, туысқандарымның үйіне барсам, кішкентай балалардың ойнайтыны «Бэтмен», «Человек паук»! Біздің батырымыз өзіміздің киімді киіп, жүгіріп жүретін сондай бір кейіпкерді, батырды шығарсам деген арманым сол!
Қазақ режиссерларының тың шығармашылық ұмтылысы, актерларға да майдай жаққан сыңайлы. Тек комедия жанрындағы картиналарға шақырту алатын Шәріп Серіктің, тарихи тұлғаны сомдау бала армандарының бірі екен.
Шәріп Серік, актер:
-Менің арманым Құрманғазы атамызды ойнау. Ол кісі туралы кино түсіреміз деген, әлі ешкімге ондай ойда жоқ. Дегенмен, менің өз басым домбыра ойнау білемін.
«Әміре» көрерменнің оң бағасын алды, дәл қазіргі таңда «Томирис» картинасы таспалану үстінде. «Қажымұқан» жайлы жобаның жоспары да жүзеге асуы қыр астында! Келесі тарихи тұлға кім?!