Тұсауы таяуда ғана кесілген «Шатырдағы бұлт» картинасын да, көрермен қауым оң қабақпен қабылдап жатқандай. Бұған дәлел, фэнтезидің отандық айналымда екінші апта бойы көрсетілуі. Ал, аталмыш лента өз шығынын ақтай алады ма? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Отандық киноқоржынға жаңадан қосылған «Шатырдағы бұлт» картинасын, халықтың қалай қабылдайтыны әркімге де қызық болды. Себебі, аталмыш лента ел көрермендерінің көзі үйренбеген, таңсықтау фэнтези бағытында таспаланған. Тіпті, тұсаукесер алдында туынды режиссерының жан түкпірінде де, күдік сезімі ұялаған болатын.
Али Шер Сүлеймен, режиссер:
-Әрбір фильм шыққан кезде, әрбір режиссер қауіптенеді, күдіктенеді сөзсіз. Бұл енді алғашқы қадамымыз, бір жағынан күдігіміз де бар, бір жағынан үмітіміз де бар. Қызығып қарайды ма деген.
Алайда, әлеуметтік тақырыпты қозғаған, айтары бар астарлы туынды көптің көңілінен шыққандай. Лентаны тамашалаған алғашқы көрермендер, желідегі жазбалары арқылы өздерінің оң пікірін білдіруде.
Фэнтези картинаның отандық айналымда екі жұма қатарынан үзбей көрсетілуі де, жаңа бағыттағы фильмдерге деген жұрт сұранысының айғағындай. Сондай-ақ, «Шатырдағы бұлт» лентасы жергілікті кинотеатрлар рейтингінде үздік ондыққа енген.