«Тұсауы осыдан бір ай бұрын кесілген «Әміре» картинасының жағдайы мәз емес! Әйгілі өнер иесіне құрмет көрсетуде сараңдық танытудамыз!» - дейді Мейрамбек Бесбаев. Аталмыш туындыны тамашалуға барған «Музарттық» әнші, осылай ой түйген.
Тарихи драма қазақтың тұңғыш тенор дауысты әншісі – Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Бір өкініштісі, аты мәшһүр музыканттың өмірі мен өнеріне қызығушылық танытқан көрермен аз. Мейрамбек, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, зиялы қауым мен шоу-бизнес өкілдеріне фильмнің екінші көрсетілімін ұйымдастырды.
Мейрамбек Бесбаев, «Музарт» тобының әншісі:
-Өкінішке орай залда 5-6 ғана адам отыр екен. Сол кезде ой туды. Неге біз қазақы зиялы қауымдарды шақырмаймыз. Бұл әрбірден соң, бүгін бар ертең ұмытылып кететін кино емес қой. Әрине жастар аз келеді. Білмейді Әміренің кім екенін. Егер де, біздер келіп дәріптемесек, олар қайдан білсін.
Бір қызығы, осыдан бір ай бұрын ұлттық прокатқа шыққан картинаны қалтасы жұқа жастар ғана емес, Мейрамбектің әріптестері де көрмеген болып шықты. Себебін сұрағанымызда, сылтаулары сан түрлі.
Осһоооу, әнші, актер:
-Гастрольден ары-бері босамадық. Түсірілімдер болды, ән кештеріміз жан-жақта болды. Бүгін келіп ерекше әсерде тұрмыз!
Нұржан Керменбаев, әнші:
-Күйбең тіршілік қой. Өздеріңіз білесіздер. Пендешілік, өзіміздің концерттерімізге... Соған дайындық болады. Басқасы бар.
Бесбаевтың бұл бастамасы өз нәтижесін берген сыңайлы. Тарихи туындыны көрген танымалдар, тұщымды ой түйгендерін айтады.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Толық жақсы білмегенмін. Бірақ, осы жолы көзім жетіп және өзіміздің қазіргі замандағы көре алмаушылықтардың барлығын теңестіріп, біраз ой түйген сияқтымын негізі.
Дәл осындай жылы сөздерден кейін, Мейрамбек жастарға деген сенімін білдірді!
Мейрамбек Бесбаев, «Музарт» тобының әншісі:
-Өстіп-өстіп біздер осы киноға жан-жақтан жиналғаннан кейін, жастар біле бастайды. Енді келетін шығар деп ойлаймын!