Ресейлік «Бапкер» спорттық драммасына көрермен үзбей баруда. Актер Данила Козловскийдің өзі режиссерлік еткен дебюттық жобасы, өткен уик-эндте қанша миллион теңге жинады?! Бұдан өзге ел көңілін тапқан ленталар тізімін тілшіміз таныстырады.
Екі апта бойы көш басында тұрған, «Бапкер» спорттық драммасы, бұл уикэндте 16 млн теңгеден астам пайда тапты. Картинада, аяқдопшы Юрий Столешников есімді жігіттің тағдыры суреттелген. Ойыншы ретіндегі спорттық ғұмыры қысқа болса да, ол футбол командасының бапкері ретінде биік белестерді бағындырады. Ресейлік актер, әрі режиссер Данила Козловскийдің туындысы әлі де көрермен көңілінен шығуда.
Француздық комедия «Таксидің» бесінші бөлімі, 12 млн теңгеге жуық қаржымен екінші сатыда. Ең алғаш бұл фильм көрермендерге 20 жыл бұрын жол тартқан еді. Жанкүйерлерін қуантқан комиссар Жибер, командасымен қайта оралды. Бұзақылармен арпалысқан полиция қызметкеріне, дәстүрге айналған ақ түсті көлік жәрдем болмақ. Қызыққа толы картина, біраз уақытқа дейін осы орынды сақтап қалмақ ниетте.
Дуэйн Джонсонның «Рэмпейдж» картинасы, 10 млн теңгеге жетерлік пайдаға кенеліп, үздік үштікке ілінді. Бұл фильм әйгілі актердың, әріптесі Брэд Пейтон режиссерлық еткен үшінші жобасы. Қиял-ғажайып туындыда, алып хайуанаттар әлемге қауіп төндіреді. Дэвис есімді зерттеуші, адамзатты құтқару үшін барлық күш-жігерін аямай, досы болып кеткен маймылдың көмегіне жүгінбек.