«SuperStar-дан» қанат қаққан алғашқы қарлығаштардың бірі Айқынның, сахнада жүргеніне тура - 15 жыл. Аталмыш жоба арқылы жұлдызы жанған ол, өз мерейтойын тыңдармандарының дәл ортасында атап өтпек. Әншінің таяудағы ауқымды шоуы жайлы, Серікқазы Аязбаев толығырақ айтады.
Қызу дайындыққа кіріскен Айқын, дәл қазір би қимылдарын пысықтау үстінде екен. Әншінің кеші жанды дауыста әрі ашық аспан астында өтпек.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Бишімен деп айта алмаймын. Бірақ, енді тырысамын ғой. Тырысып бағамын. Себебі, жанды дауыста ән айтып жатып, тез-тез қозғалған өте қиын.
Айқын үшін «суперстардың» орны ерек. Аталмыш жобадан түлеп ұшқан Төлепберген, ән әлеміндегі 15 жылында өзіндік тұғырын тапқан талант. Осы мерзім аралығында халыққа танылды, жеке дара репертуарын қалыптастырды.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Айқын ретінде шығасың да, өзімнің танылған әндерім болмады. Қазір енді 15 жылдың ішінде, көптеген әндерім танылды. Көптеген әндерім концертте бірге орындалып жатады. Сондықтан, менің ойымша сол күн келген көрерменнің 50 пайызынан көбі, менің әндерімді біледі және қосылып айтады деген ойдамын.
Мерейтойдың құрметіне орай әзірленген әншашу мұнымен шектелмейді. Алда, Айқынның аймақтық турнесі мен Елордадағы есеп беру кеші жоспарланған.
Айқын Төлепберген, әнші:
-15 жылдық деп осы бастап жатырмыз. Алла қаласа, Астана қаласында күзге таман, концерт залдарының бірінде концерт беретін шығармын. Оған да қазірден бастап дайындық жүріп жатыр.
«Тегін концерт – тыңдармандарға деген тартутым» - дейді Айқын! Бірақ, ашық аспан астында ауқымды шоу ұсыну, қомақты қаржы мен тынбай тер төгуді талап ететінін жақсы біледі.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Ұтымды тұстары халық көп жиналады. Және өзіңнің көре алмай, келе алмай жүрген көрермендерің келеді. Енді, кішкене қиын жақтары, далада істегеннен кейін өте көп дыбыс, жарық, сахна қою керек.
Олай болса 1 мамыр күні, Алматы қаласындағы Абай атындағы алаңға асығыңыздар! Әнші Айқын – сіздерді күтеді!