Алматыда отандық дизайнерлердің басын қосқан Mercedes-Benz Fashion Week басталды. Кеште Кәмшат Жолдыбаева көрген киімін бірден сатып алмақ болса, Леонид Жеребцов «кей-поп» бағытын еске түсіретін тың топтамасымен таңқалдырды. Сән салтанатының қызықтарын тілшіміз баяндасын.
Mercedes-Benz Fashion Week салтанатының тоғызыншы маусымы да, барша қазақстандық сән қуған жандарды Алматыға түгел жинаған. Ал, әсемдік шарасының шымылдығын түрген - Karl Friedrich Hieronymus топтамасының көрсетілімі болды. Одан кейінгі, киімдерді таныстыру кезегі Камила Мур-ға сеніп тапсырылды.
Камила Мур, сәнгер:
-Топтамамды барынша нәзік, жеңіл, аруларға сай етіп жасағым келді. Сондай-ақ, киімдеріменен тоқсаныншы жылдардың элементтерін байқауға да болады.
Әріптестерімен салыстырғанда, Леонид Жеребцов көрестелімін нағыз шоуға айналдырғысы келгендей. Сән мінберіне айдаһардың образын алып шыққан дизайнер, бұл жолы тақырыбын «Азияға» арнаған.
Ал, келген қонақтар көрсетілім барысында лед экраннан, «кей-поп» сөзін байқап қалды. Меймандардың көкейінде: «сәнгердің шабытын оятқан, дәл осы музыкалық бағыт болды ма?» деген сұрақ еріксіз туындаған еді.
Леонид Жеребцов, сәнгер:
-Әрине, бүгінгі таңда «кей-поп» тақырыбы барлық жерде қозғалып жатқанын байқауға болады. Мейлі ол сән саласында болсын, мейлі ол саясатта болсын. Алайда, мен топтамамда оны ғана емес, күллі Азияға қатысы бар дүниелерді көрсеткім келді.
Өз жаңашылдығымен жалықтырмайтын Жеребцовтың киімдері, Кәмшат Жолдыбаеваның көңілінен шыққандай.
Кәмшат Жолдыбаева, әнші:
-Маған бір киім ұнады. Кейін Леонидтің өзімен сөйлесемін, мүмкін сол образда сахнаға киіп шығатын шығармын. Бүгінгідей Азиаттық образ менде болған жоқ. Сондықтан да, кимономен сахнаға шыққан мен ойлаймын өте ерекше.
Алайда, тележүргізуші Мадина Балғабаева Леонидтің тың туындыларынан, өзінің қалауына сай образ таппаған сияқты.
Мадина Балғабаева, тележүргізуші:
-Сән апталығына дәстүрлі түрде келіп тұрамын. Тренд, қатып қалған трендтке байланысты киінемін деп айта алмаймын. Маған жараспаса ол, мың жерден тренд болса да мен оны қалай киемін.
Осымен, сән салтанатының алғашқы күні талай қызықтарға толы болды. Енді, дизайнерлер келесі маусымның киім үлгілерін тігуге, білек сыбана кіріспек.