Тыңдармандары тағатсыздана тосқан «А-студионың» Алматыдағы кеші, көпшілік күтпеген жаңалықпен басталды. Концертке санаулы сағаттар қалғанда, әйгілі ұжымның белді мүшесі сахнаға шықпай қалған. Оған сырқаты себеп болған көрінеді. Жайсыз жағдайға тап болған ұжым, бұл тығырықтан қалай жол тапты?!
Бұл кеште - көшбасшы Байғали да, топ әншісі Кэти Топурия да сахнада болды. Бірақ, әйгілі ұжымда отыз жыл бойы тер төккен, бас гитарашы - Владимир Миклошич ел алдына шықпады.
Жанды дауыс, жарық, шоу! «А-студионың» Алматыдағы ән кешіне, ерекше дайындықпен келгенін аңғармау мүмкін емес. Ал, көздің жауын алатын сахналық образдарды дайындаған, Кэтидің командасы екен.
Кети Топурия, «A’Студио» тобының әншісі:
-Концерттік костюмдердің барлығы KetiOne брендінен. Яғни, менің ұжымымның еңбегі. Олар маған ерекше образдардың үлгісін көрсетті. Ұсыныстары менің көңілімнен шықты.
Шоудың екінші бөлімі - қазақы колоритке толы... Байғали басқаратын ұжым, концерттің бұл жартысының шымылдығын қобыздың үнімен ашып, аталмыш топтан түлеп ұшқан музыканттарды еске алды.
Ғазиза Ғабдірахимова, қобызшы:
-Бұл блокқа негізі бұрыннан орындалып келе жатқан шығармалар кірді. Оларды біз ЭКСПО концертіне дайындаған болатынбыз жазда. Сол концертті, енді Алматыға әкеліп жатыр. Біз оған бір аптадай дайындалдық!
Тың тректер, өміршеңдігін жоймаған хиттер, бақилық болған достардың рухына тағзым және тыңдарманға құрмет! Туған жерде осылай тойланған мерейтойлық кеш, халықтың да көңілінен шыққан сыңайлы...