Головкин мен Мартиросян бірінші рет рингте бетпе-бет келді. БАҚ өкілдеріне арналған ашық жаттығу барысында, қос боксшы осылай алғашқы көз арбасу рәсімін жасады. Ванес әлем жұртын таңқалдырам десе, Гена өз жеңісіне сенімді. 5-мамыр бізді не күтіп тұр?!
Головкин мен Мартиросян АҚШ-тың Калифорния штатындағы Глендейл қаласында журналистер мен жанкүйерлерге арналған ашық жаттығуларын өткізген еді. Кейін қос боксшы дәстүрге сай көз арбасу рәсімін жасады.
Геннадий Головкин, WBA, IBO, WBC, IBF белбеулерінің иегері:
-Уәде бергендей «Синке де Майо» қарсаңында рингке ораламын. Жылына 3-4 жекпе-жек өткізу жоспарымда бар. «Канелоны» қыркүйекке дейін күте алмаймын. Ал, Мартиросянды Афины олимпидасынан бері танимын, мықты боксшы. Бокс – менің стилім және кәсібім, өз жеңісіме сенемін.
Головкиннің 5 мамыр күнгі жоспарланған жекпе-жегін желге ұшырмай Мартиросянмен айқасуға келісуін, жанкүйерлері өзіне деген құрметке балайды. Осылайша, GGG әркез уәдесінде тұратын боксшы екенін дәлелдей алды. АҚШ-тың белгілі былғары қолғап шебері Ванес өз кезегінде, Генадан қорықпаймын деп отыр.
Ванес Мартиросян, кәсіпқой боксшы (АҚШ):
-Маған қоңырау соғып, Головкинмен айқасуға дайынсың ба дегенде, ойланбастан келісім бердім. Себебі, бұл менің мансабымдағы ең үлкен жекпе-жегім. GGG тек шабуылға шығатын боксшы, оған менің оң қолымның соққылары тосын сый болады. Еш қорқынышым жоқ!
5-мамырда Лос-Анджелестегі StubHub Center аренасында өтетін Головкин мен Мартиросянның жекпе-жегіне билеттер тез сатылуда екен. Әлем жұрты екеуі де ұлы бокс майданын көрсетеді деп күтуде. Тура сол күні Геннадийдің кәсіпқой рингте жүргеніне тура 12 жыл толады екен!