Сара Джессика Паркер, Эван МакГрегор, Антонио Бандерас Нью-Йоркте бас қосты! Жұлдыздардың жиналуына «Трайбека» кинобәйгесі себепкер болған.
Голливудтық жұлдыздар Трайбека кинобәйгесіне жақ-жақтан ағылуда. Еске салсақ, он күнге созылатын фестиваль 2002 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Салтанатты шараның мақсаты – фильмдердің қоғамдағы маңызды рөлін көрсету.
Айтулы кешке келген меймандар арасында Сара Джессика Паркер де бар. Танымал актриса, өзі продюсерлік еткен «Өмірімдегі ұмытылмас күн» атты музыкалы драмасын таныстырмақ.
Сара Джессика Паркер, актриса, продюсер:
-Картинамыз осы байқау тізімінен табылғанына қуаныштымыз. Біздің режиссеріміз сол үшін барын салған еді. Ұжымымызбен қобалжу үстіндеміз.
Өнерпаздарды өзара жақындата түскен шараға, Антонио Бандерас та құр алақан келмеген. Актердің өзі Пабло Пикассо рөлін сомааған «Гений» телехикаясының жалғасы көрерменге жол тартпақ.
Антонио Бандерас, актер, режиссер:
-Суретшінің өмір сүрген жылдары ерекше болған. Қиындық пен қуаныш, бақыт пен құмарлық қатар келген заман. Көрерменге қызық болуы тиіс.
Қысқасы, шарада киногерлердің әрқайсысы туындысын жарнамалап қалуға тырысты. Ұзақ уақыт бір-бірімен жүздеспеген олар, өзара әңгіме құрып, арқа-жарқа боп тарқасты. Ал, «Трайбека» фестивалі сәуірдің 29-на дейін жалғаспақ.