Ал, оңтүстік астанада өткен демалыста бодибилдингтен ауқымды турнир өтті. Grand Prix Invictus сайысына Қазақстанның дене бітімі келіскен қыз-жігіттерінің, тек үздіктері қатысқан болатын. Сымбатты мүсініңді сахнада паш етіп, жұрттың ықыласын алудың құпиясы қандай?
Алматыда бодибилдингтен өткен ауқымды Grand Prix Invictus 2018 турнирін тамашаулаға келген жанкүйердің қарасы көп болды. Төрт тұжырым бойынша Қазақстанның әр түкпірінен 60-тан астам спортшы қыз-жігіттер, бақ сынауға келген. Әділқазылар да талапшыл әрі қырағы.
Александр Калюк, ҚР Бодибилдинг федерациясының бас хатшысы:
-Ең алдымен эстетикалық тұрғыда атлеттің өзін ұстауы және жекелей еркін бағдарламаны, қаншалықты кәсіби деңгейде таныстыратыны маңызды. Одан кейін, қыз-жігіттердің дене сымбатына, бұлшық ет пропорциясына назар аударамыз.
Бодибилдинг, Менс физик және Классикалық бодибилдинг дейтін үш аталымда дене бітімдері мінсіз, жауырыны қақпақтай, бұлшық етті жігіттер сайысқа түсті. Олардың мақсаты - жалпы жүлдеқоры 4 млн теңгені құрайтын доданың жеңімпаздарын анықтау. Кіл мықтылар ішінен Алексей Ермаков, Дмитрий Ким және Әлжан Өзбек есімді азаматтар өз категорияларында үздік деп танылды.
Шыңғыс Танеке, «Invictus» фитнес орталығының директоры:
-Біздің рөліміз спортшыларды қолдау және лайықты жеңімпаздарға ақшалай сыйақы табыстау. Жыл сайын қаржылай қорымыз өсіп келеді. Бодибилдинг елімізде өзінің даму жолын енді тапты деп айта аламын.
Дмирий Ким, «Grand Prix Invictus – 2018» жеңімпазы:
-Сен бір жыл бойы тер төгесің, сондықтан сахнаға да жарқырап шығу керек деп санаймын. Төрешілер мен халықтың көңілінен шығып, олардың ықыласына ие болу оңай шаруа емес. Менің стилім осындай...
Сахнаға дұрыс шығу, тәртіппен тұру, баппен жүру бодибилдерші қыздар үшін де бұлжымас талап. Олар да өзінің сымбатты мүсінін паш етіп, жанкүйерлер қошеметін еншіледі. Бірінші орын Алина Хилько атты арудың қанжығасында!