Көптен бері көзден таса болған әнші Адам, сахнаға қайта оралды. «А-Студиолық» саксафоншы серімен ортақ топ құрған ол, бұдан-былай шетелдік тыңдарманның жүрегін жаулауды көздеп отыр.
Шығармашылығы қайта жанданған Адам, «Жаным» атты су жаңа әнінің тұсауын кесті. Өнерпаздың өзі, ұзаққа созылған үнсіздігін дауыл алдындағы тыныштыққа балайды.
Адам, әнші:
-Бұны камбэк деп санауға болады деп санаймын. Өйткені, көп болды ғой клип түсірмей, сахнаға шықпай жүргеніме. Сондықтан, бұл проект пен жаңа тыныс. Шығармашылық үзілістің себебі, өзімнің профессионалдық деңгейімді көтердім.
Ұзақ ізденістен соң, шалқар шабытын қайта тапқан әнші, бұдан былай «А-Студио» тобының саксафоншысы - Макс Варшавскимен бірге өнер көрсетпек. Тіпті, су жаңа топқа «Adam X» деген атау да таңдалынып қойған.
Макс Варшавский, музыкант:
-«А-Студиомен соңғы 3 жыл бойы бірге жұмыс істеудеміз. Ұжымның 30-жылдық мерейтойлық концерттерінен кейін, үлкен үзіліс болады. Сол уақытты Адам екеуіміздің жобамызға арнағым келіп отыр. Яғни, екі жақта да жүре беремін.
Ал, екі ел өнерпаздарының басын қосқан ұжымға, ресейлік продюсер Александр Хирзикорн жетекшілік етпек.
Александр Хирзикорн, продюсер:
-Макс Қазақстанға «А-Студиомен» өнер көрсетуге келген болатын. Сол кезде мені Адаммен таныстырды. Оның өнеріне бірден тәнті болдым. Көре сала, ортақ жоба құруды ойластырдық.
Адам мен Макстың таныстығы, сонау 2013 жылғы «Новая волна» байқауынан басталыпты. Бүгінде, дуэт Қазақстаннан өзге елдердің де сахнасын бағындыруды жоспарлап отыр.
Адам, әнші:
-Мақсаттарымыз көп. Өйткені жақында, тағы да үлкен жұлдызбен жаңа ән жазамыз.
Ендеше, жаңа топтан тың дүниелер күтеміз!