Әйгілі «А-студиоға» 30 жыл! 1987 жылы Алматы шаһарында іргетасы қаланған ұжым, бүгінде ТМД аумағында кеңінен танымал! Бірақ, қазақстандық топтың репертуарында ана-тіліндегі әндер шырқалмайды. Себебін, Байғали Серкебаевтан сұрап көрдік.
«А-студио» Алматыда! Бүгінде Байғали басшылық ететін топ, мерейтойға қызу дайындық үстінде. БАҚ өкілдерімен баспасөз-мәслихатын өткізген өнер ұжымы, жақын күндері Алатау баурайында 3 күн қатарынан концерт ұсынады. Оңтүстік астанадағы зәулім сарайда жоспарланған ауқымды шоу, қандай ерекшеліктерімен ел есінде қалмақ?!
Байғали Серкебаев, «A'Studio» тобының жетекшісі:
-Бұл қала «Астудионың» түлеп ұшқан отаны ғой. Республика сарайында өнер көрсету біз үшін ностальгияға толы болмақ. Сондықтан, жанды дауыстағы концертпен қатар, бұрын-соңды болмаған шоу ұсынамыз.
Бүгінде бұл топтың танымалдылығы ТМД-ға таралғанымен, отыз жылдың ішінде түрлі қиын кезеңдерді бастан кешкендерін айтады. Алайда, бірлігі жарасқан ұжым, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде шығармашылықты шыңдауда аянбай тер төгуде.
Байғали Серкебаев, «A'Studio» тобының жетекшісі:
-Ең қиын кезеңдерді топтағы солистердің ауысуы деп айтар едім. Өйткені, көпшілік бір адамға үйреніп алады да, кейін жаңа әнші келгенде ұжымды қайта қабылдау оңайға соқпайды. Сондықтан, «А-студионың» мықтылығын қайтадан дәлелдеу үшін тынбай еңбек етеуге тура келеді.
«А-студио» қазақстандық музыканттардан құрылғанымен, отандастарымыз ана-тілінде ән шырқауға келгенде сараңдық танытып келеді. Көпшілік көкейіндегі бұл сауалды топ көшбасшысына жолдағанымызда, Серкебаев репертуар таңдаудағы басты талаптарды түсіндіріп берді.
Байғали Серкебаев, «A'Studio» тобының жетекшісі:
-Бізде негізі идея бар. Бірақ қай уақытта жүзе асыратынымыз белгісіз. Сондықтан, жақын күндері қазақша ән айтамыз деп уәде бере алмаймын.
Кэти Топурия, «A'Studio» тобының әншісі:
-Қазақ тілі өте қиын. Бір кездері қазақша ән жазғанда, қатты қиналғаным есімде. Сол студиядағы жұмыс, менің өмірімдегі ең қиын сәттерді бірі шығар.