Ақпан айында «Блэк дайл» тобындағы қос рэпермен қоштасқан Есболат Беделхан, ұжымның экс-мүшелері басшылыққа еш бағынбады деп отыр! Ал, бойзбендтен бөлек кеткен екі жігіт, продюсердің бұл пікірімен келіспейді. Олардың өз ақиқаты бар.
«Блэк дайл» құрамындағы рэперлер «ЭЛ» және «Тэдди-дің» продюсермен арадағы теке-тіресі осыдан бір жыл бұрын басталған. Өйткені, Есболат уәдесінде тұрмаған, ал жігіттер ресми құжатпен толықтай таныспай, келісімшартқа қол қойған. Сондай-ақ, еткен еңбектеріне қаламақы алмаған жігіттердің, тұрған пәтері де адам шошырлық хәлде.
Ескелді Қуандық, «Black Dial» тобының экс-мүшесі:
-Бұлай жүре беруге болмайды. Бұл адамның құқығына нұқсан келтіру. Бұл моральдық тұрғыдан қарағанда қатты әсер етеді.
Осылайша жігіттер топтағы жұмысты тоқтатады. Бірақ, Беделханмен 7 жылдық келісімшартқа отырған бойзбендтің экс-мүшелеріне, бұрынғы басшыларының тарапынан қатаң талаптардың бар екені ескертіліпті. Яғни, Есболат құжаттағы межелі мерзім аяқталғанша, Ескелді мен Саматтың шоу-бизнеске араласуына шектеу қойған!
Есболат Беделхан, «Black Dial» тобының продюсері:
-Заң жүзінде олар бізбен келіспей ештеңе істемеу керек. Ал егер өз беттерімен, өз еріктерімен істей берсе, олар екі жақтан қол қойылған келісім шартты ары қарай бұзып жатыр деген сөз. Неғұрлым бұзған сайын, өздеріне қиын болады кейін...
Тіпті продюсерлік орталық, тосыннан топтан кеткен жігіттерден 96 миллион теңге өтемақы талап еткен көрінеді.
Ескелді Қуандық, «Black Dial» тобының экс-мүшесі:
-Қорқынышты бір үрейге ұшырадық. Ары қарай не істейміз? Мұны қалай төлейміз? Заңды ма? Біз білмедік қалай болатынын. Ата-анамызға ескерттік. Мындай нәрсе болып жатыр. Біздің сенген адамдарымыз, өкінішке орай 96 миллион теңге бізден айып сұрап жатыр дедік.
Бірақ, Ескелді мен Самат аталған айыппұлды төлеуге құлықты емес! Бүгінде адвокаттың көмегіне жүгінген жігіттер, сот процесін жеңіп шығатындарына сенімді. Оларға заңгерлер де тегін қызмет көрсетіп жатқан көрінеді.
Қанатбай Қашкенов, заңгер:
-Көмек жасаймыз. Жігіттер келіп жолыққаннан кейін, қағаздарын қарағаннан кейін, біз өзіміз көмектесеміз деп, шешім қабылдадық.
Қос тарап жақын күндері сот залында кездесуді көздеп отыр. Тіпті, жігіттердің құқығын қорғайтын заңгер, Есболат Беделханның орталығына ұсыныс хат жолдағанымен, әлі күнге дейін жауап жоқ!