Жақында ғана жүйкесі сыр беріп, емханадан шыққан Бритни Спирстың басына тағы да қара бұлт үйірілді. Бұл жолы әншіге өзінің экс-күйеуі маза бермей жүрген көрінеді.
Кевин Федерлайн әншіден ай сайын алатын алиментінің көлемін, екі есеге ұлғайтуды талап етіп отыр. Бритнидың бар қаражатын уысында ұстап отыратын әкесі болса, кешегі күйеу баласының бұл қылығын құптамайды. Себебі: «Кевин берілген ақшаны немерелеріме жұмсамайды» дейді ол. Әзірге, әншінің бұрынғы жарының өтініш-талабын сот қарастыруда. Еске салсақ, 2007-жылы Бритни жүйке ауруына шалдығып, оның екі баласына заң жүзінде Кевин қамқоршы атанған.
АҚШ президенті Трамптың ұлы - кіші Дональд ажырасуға арыз берген. Бұған басты себеп: жарымен арадағы салқындығы. Ванесса желіде, Донның ақшаға сараңдығы айырылысуға сеп болған деп жазған. Ал, кіші Донның достары болса, бұл ақпаратты жоққа шығарып, екеуін үлгілі отбасылардың біріне балайды. Десек те, бұл істің ақ-қарасы әлі де ажыратылған жоқ.
Майли Сайрус пен Лиам Хемсворттың қуанышты күндері таяп қалды. Бұл жайында қос ғашықтың достары желіде бөліскен. Майли тойының қамымен, көптеген жобаларды кейінге шегеруде. Бірақ Лиамның туыстары, оның таңдауын құптамайды және жаңа отбасылық одаққа әлі келісім де бермеген. Бірақ, жұлдызды жұп қалайда шаңырақ көтереміз деп бекініп отыр, тіпті үйлену тойы өтетін мейрамхана да таңдалып қойған. Майлидың өзі, ұзатылған күні міндетті түрде БАҚ өкілдерін шақырамын деген уәдесін айтты.