Гүлназ Жоланова сәтті таңдалған рөлінің емес, сұлулық байқауының арқасында танымалдылыққа ие болған еді. Алайда, «Қазақ аруы» атанғандардың барлығына бұл актрисаның жолы бұйырмады. Кезінде жеңімпаз деп танылған қыздар қазір қайда жүр?
Азулы продюсер Баян Алагөзова ұйытқы болған байқауда, жеңімпаздың тәжін ең алғаш Ләззат Қалдыбекова киген болатын. «Қазақ аруы» атанған ол, бүгінде театр сахнасында актриса ретінде еңбек етуде. Одан бөлек Ләззаттың әншілікке де бет бұрған жайы бар.
2012-де жеңімпаз атанған Айғаным Өтепбергенова балет өнері саласында қызмет етсе, бір жылдан кейін бас жүлдені еншілеген Айгерім Қанатбаеваның қазір қайда жүргені белгісіз.
«Қазақ аруы» атанған Гүлназ Жолановаға, алтын тәж танымалдылық пен қатар шоу-бизнес әлеміне бағалы жолдама сыйлағандай.
Баян Алагөзова, продюсер:
– Мәселен, Гүлназды керемет сұлу деп айта алмаймыз. Мойындау керек. Бірақ, оның баурап алар қасиеті бар. Мұны ақшаға сатып алуға, еңбек арқылы жетілдіруге келмейді. Сондықтан, харизма хас сұлулықтан биік тұрады. Мен үшін!
Жас әрі табысты актриса Гүлназ, әлі күнге дейін Мақсатқызының қол астында.
Гүлназ Жоланова, актриса:
- Продюсермен бірге талқылаймыз. Қандай фильм? Қандай кейіпкер? Ол өзінің кеңесін айтады. Бұл кейіпкер саған жарасады, жараспайды.
Ал, «Қазақ аруы» атанған Камшат Қоскелова мен Альмира Ахатова Жоланованың жолын қайталай алмады. Сұлулардың бүгінгі өмірі өнерден тыс.
2017 жылы байқауда бақ сынаған арулардың арасынан Нұргүл Асанова суырылып шыққан еді. Әзірше ол, тек «Кешьюдің» бейнебаянында ғана төбе көрсетіп үлгерген.
Нұргүл Асанова, «Қазақ ару – 2017»:
-Конкурс жеңгеннен кейін, Баян Мақсатқызымен бірге 5 жылға контрактіге отырдым. Яғни, өзімді әр жағымнан сынап, актерлық қасиеттерімді де, жүргізушілік қасиеттерімді де...
Ал, биылғы жылдың үздігі атанған Нәбира Рахымжан қай арудың ізін қуатыны уақыт пен Баян Алагөзованың еншісінде.