Меган Марклдың, ханзада қалыңдығы атанғалы, атағы еселене түскені анық. Осылай, әп-сетте ғана елеулі танымалдылыққа ие бола білген өнер иелері, елімізде де бар. Олар бір ғана кинотуындыда сәтті ойнап, кейін көпшілік көңіліне жол таба алғандар. Қазақстанда кімдер қас-қағымда жұлдыз болып шыға келді?
«Сиситай» - бұл есім ерсі естілгенімен, қалың көпшілік арасында кеңінен таралып кетті. Ұзын бойлы, қолаң шашты қыздарды ғана құп көретін Баянның бұл жолғы таңдауы, халықты шынымен таң қалдырғаны бар. Бірақ, Алагөзова «Әйгерімнің рөлді керемет алып шыққанына күмәні жоқтығын» жеткізді.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Шынымды айтсам, мен енді Әйгерімнің жанкүйерімін. Оның талантына тәнтімін. 16-ақ жаста болса да, өз рөлін меніңше керемет сомдап шықты. Оны дұрыс таңдағаныма енді көзім жетті.
Ал, Әйгерімнің өзі бір ғана фильммен атақты болып кететінін күтпеген екен. Тіпті кішкентай «Сиситайдың» келешекте эстраданы бағындыратын ойы да бар.
Әйгерім Мергенбай, актриса:
- «Сиситай» фильмінен кейін бәрі мені тани бастады әрине. Бәрі қарайды «Мына қыз сол ма екен, сол емес пе екен» деп.
Хазірет Ержановтың мансап жолы мүлде басқаша басталған. Жас актердың айтуынша, режиссерлар оның талантына қарай емес, дене-бітіміне бола қабылдайтын көрінеді.
Хазірет Ержанов, актер:
- Осылай да осылай біз Нұрлан Қоянбаевтың жаңа фильмін түсіргелі жатырмыз. Соған актер іздеп жатырмыз деді. Видеопроба жіберу керек болды. Сол жерде видеопроба жібердім. Келесі күні хабарласты.
Бір ғана рөлмен көптің көңілінен шыққандардың қатарын: бұрынғы банк қызметкері Данияр Алшынов, Ақан Сатаевтың «Районы» киносындағы Жалғас Жанғазин, «Келинка Сабина» фильмімен халыққа етене жақын болып кеткен Айнұр Ілиясовалар толықтырып тұр. Аталмыш өнер иелері - тағдырдың тосын сыйына тап болғандар. Себебі, қанша армандаса да, түсірілім алаңына жолы түспей жүргендер қаншама.