Ғалымжан Молданазар тойсыз табысқа кенелудің тың тәсілін тапты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Шет ел жұлдыздары ауқымды шоу өткізіп, альбомнан ақша тапса, қазақстандық әншілер үшін той таптырмас табыс көзіне айналғаны қашан. Отандық шоу-бизнес өкілдерінің санасында қалыптасқан дәл осы стеротипті, енді Ғалымжан Молданазар бұзбақ ниетте...

Ғалымжан Молданазардың табысы тойдан емес! Ол шағын аудиторияда ән кештерін өткізіп, білдей бір ұжымға пайда табудың көзін ұсынып отыр. Музыканттың сөзінше, осылай шет елдік әртістердің тәсілімен жұмыс істейтін отандық өнерпаздардың да саны артып келеді.

Ғалымжан Молданазар, әнші:

- Тойсыз да ақша табуға болады. Димаш бар, «91» бар. Оларда әлемге шығып жатыр. Неге соларды айтпасқа? Неге қазақ бауырларымызбен мақтанбасқа?

Күні кеше Ғалымжан көпшілік көптен күткен күйтабақтың тұсауын кесті.  «Молданазардың» 7 тректен тұратын су жаңа үнтаспасы «Есімде бәрі» деп аталады. Бұл, ұжымның топ болып құрылғаннан бергі алғашқы альбомы екен.

Ғалымжан Молданазар, әнші:

- Коммерциялық концерттер көп болды. Жабық концерттер. Сол үш жылдың ішінде жаңа әндер шығаруға біздің уақытымыз болған жоқ. Осы жаңа жылдан бастан барлық концерттерге келісім бермей, шағын альбомды бітіруге бел буып, бітіріп, тыңдарманымызға ұсындық.

Айтпақшы, «Молданазар» жетекшілік ететін команда, таяу күндері АҚШ-қа аттанбақ. Музыканттардың концерттері Американың төрт қаласында өтеді.  

Ғалымжан Молданазар, әнші:

- Қазақстаннан жақсы жер жоқ мен үшін. Сол үшін қайтып келеміз. Осының алдында Америкада бір ай болғанда зорға шыдағанмын. Бір айдан кейін қашып келдім ауылға.

Ал, қазақ әнін әлем сахнасында дәріптеуді көздеген ұжымның турнесіне, топ тыңдармандары да тілекші.

- Өңкей тойшыл әншілер жетеді ғой. Әрине кетсін. Дамытсын. Біздің қазақты, қазақтың әнін көрсетсін. 

- Біздің атымызды басқа шет елге шығарып, бәрі білетін болады.

«Молданазар» тобының АҚШ-тағы алғашқы концерті, наурыздың 29-күні Нью-Йорк қаласында өтеді.