Осы уақытқа дейін, «Қазақ аруы» қатысушыларының көркі мен көпшілікке көрсетер өнеріне ғана куә болып келдік. Енді, сылқымдардың сахна сыртындағы тыныс-тіршілігін, еліміздің ең сұлуы атануға ниетті қыздардың шынайы келбетін тамашалаймыз! Баян Алагөзова ұйымдастырған байқаудың, жұртқа беймәлім тұстарын Серікқазы Аязбаев айтады.
Иә, Баян Мақсатқызының қатысушыларды сахна сыртында дәл осылай ширатып алатыны бар. Өйткені, ақтық сынға дейін арулардың арасында түрлі жайсыз жағдайлар болады. Бұрын-соңды мұндай жайттар жұрт назарынан тыс қалса, бұл жолы қырғыз елінен келген қатысушы барлығын еш бүкпесіз баяндап берді.
Диляра Дидарқызы, қатысушы (Қырғызстан):
- Бір-бірімізді түсінбей: «Сен неге кешіктің?» - деген уақыттар болды. Билей алмаған күндер де болды.
Десек те қызығы мен қиындығы мол күндердің барлығы өткен шақтың еншісінде делік... Айтпақшы, Алагөзованың жобасы осы жылы халықаралық форматта өтті. Яғни, 21 бұрымдының 5-еуі шет елден келген. Алғашқы айналымда арулар өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікті сүйсінткенімен, соңғы кезеңде сұлуларды сүріндірген - интеллектуалды сауалдар.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен үшінші орын ресейлік қандасымыз Самал Мұрадияроваға бұйырса, күміс таққа Шымқаланың сылқымы Ақмарал Айтбаева жайғасты. Ал, бірінші орынды Қарағанды қаласының қызы Ақбота Бақытқали еншілесе, бас жүлде...
Иә, «Қазақ аруы-2018» байқауының гранпри иегері - маңғаз Маңғыстаудың сұлуы. 21 жастағы Нәбира Елордағы Еуразия ұлттық универсиетінің «тарих» факультетінде, 4-ші курста оқиды.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Нәбираның өзге арулардан оқ бойы үздік шығуының өзіндік себебі бар. Ол домбырамен халық әнін құйқылжыта орындап әрі сұрақтардан да сүрінген жоқ. Сондықтан қазылар алқасының басым көпшілігі осы қызды таңдады.
Нәбира Рахымжан, «Қазақ аруы – 2018» байқауының жеңімпазы:
- Дәстүрлі әнді мектеп кезінде, мектеп үйірмесінде Репназарова Үзімгүл атты ұстазға барғанмын. Сол мектеп кезіндегі үйірмеден алған тәлім-тәрбие. Әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен, өзіндік сұлулықтарымен тәнті етті. Дегенмен де жеңіс маған бұйырған екен.
Сондай-ақ, бас жүлдені еншілеген ару Баян Алагөзовамен 5 жылдық келісімшартқа отырады.