Күні кеше «Астана» сырт алаңда «Спортингпен» тең ойнап, Еуропа лигасы аясындағы тағы бір сенсациясын жазды. Елордалық клуб пен португалиялық команда арасындағы матч 3:3 есебімен аяқталған еді. «Астана» бұл еурокубоктік маусымда қанша пайдаға кенелді?! Шомко соққан голға, таңдай қаққандар кімдер?!
Лиссабондағы 50 мың адам сиятын «Жозе Алваладе» стадионында «Астана» командасы ел намысын жерге таптатпады. Шытырман мен тартысқа толы матчтағы, португалиялық Бас Дос пен Бруну Фернандештің үш голына, біздің Марин Томасов, Патрик Твумаси, Дмитрий Шомко лайықты жауап қатты. Олар соққан шедевр голдар, тарихи камбэкті осылай тіркеді! Екі ойынның қорытындысы бойынша жалпы есеп 6:4!
«Астана» клубы Еуропа Лигасының 1/16 финалына дейін жеткені үшін, бұл маусымда 8 млн 680 мың еуро қаржы тапты. Қосымша телетрансляциялар мен жарнамадан түсетін пайда тағы бар. Португалиялық футбол жанкүйерлерін осылай таңырқатқан елордалық команда, биылғы жылғы еурокубоктік маусымда атой салуға тас-түйін әзірміз деп отыр.
Ал, «Тараз» сапынан 18 жасында Башқұртстандық «Уфа» клубына ауысқан Еркебұлан Сейдахметке, командадағы 10-шы нөмір бұйырды. Ресей премьер-лигасында 6-орында келе жатқан «Уфа» жанкүйерлері, бозбала шабуылшыға «Еркош» деген айдар тағып үлгерген. Қазақ футболының таланттарының біріне, барлығы жаңа маусымда сәттілік тілеуде.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстандық футбол клубтарының, легионерлерді мемлекеттің емес, жеке демеушілердің ақшасына сатып алуы тиіс деп ұсыныс айтқан еді. Бұл тақырып қазір қызу талқылануда. Министр мысал ретінде алматылық «Қайратты» атап өтті. Ел премьер-лигасындағы көптеген клубтар, әзірге жергілікті әкімшіліктің бюджетіне тәуелді болумен келеді.