Лос-Анжелесте «Ночные игры» картинасының тұсауы кесілді. Фильмде басты рөлді сомдаған Рэйчел МакАдамс бұдан-былай премьераларда төбе көрсетуді сиретпек. Себебі, танымал акриса алғаш рет ана атануға әзірленіп жүр.
Голливудтық жұлдыз Джейсон Бэйтман әріптесі Рэйчел МакАдамсты ертіп, көптен күткен премьераға бірінші болып келді. «Ночные игры» каринасында басты рөлді сомдаған қос өнерпаз, сөзсіз бұл шараның басты кейіпкерлері.
Атыс-шабыс, шытырман оқиғаға толы су жаңа картина, ерлі-зайыптылардың бастан кешкен оқиғасын суреттейді. Сюжет бойынша, Макс пен Энни қылмыстық тақырыптағы квест ойындарына қатысамыз деп жүріп, шынайы өмірде заң бұзушылыққа тап болады.
Джейсон Бэйтман, актер, продюсер:
- Адамдар не істесе де жеңіске жетуді ойлайды. Кинокартинада да солай. Жеңімпаз атанамын деп, қылмысқа белшесінен батқан қос ғашықтың оқиғасы, көрерменге қызық болады деп ойлаймын.
Бас кейіпкерден өзге, криминалды лентадан Кайл Чандлер мен Джеффри Райтты байқауға болады. Қос өнерпаз да, бұрын-соңды атыс-шабыс жанрдағы картиналарда төбе көрсетпеген-ді. Киносүйер қауымға комедиялық туындылар арқылы етене таныс актерлер, түсірілім кезінде әріптестерінің ақыл-кеңесіне де жүгініп отырған.
Кайл Чандлер, актер:
- Түсірілім барысында көңілім сүйсінді. Актерлердің барлығы өнерден бөлек, өмірде де өте күлкілі жандар. Олардан тәжірибе жинап, сабақ алғандай болдым. Барынша көмектесуге тырысты.
Ал, шытырманға толы картина, 24-ші ақпаннан бастап үлкен экрандарға жол тартпақ!