Соңғы уақытта жеке әншілікке белсене кіріскен «Жігіттер» тобының әр мүшесі, бір-бірінің жұмысына көңілі толмастықпен қарап жүр. Мәселен, Бағлан Әбдірайымов әріптесінің су жаңа клипін арзан қол туындылардың қатарына қосатынын айтады.
Бағлан бұл кешке сахнадағы серігін қолдауға келген еді. Алайда, «Жігіттер» тобының ортақ жұмысынан гөрі, жеке әншілігін жіті қолға алған Ердостың жаңа клипі, әріптесіне жақпай қалса керек.
Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:
- Таң қалдыратындай емес енді, кәдімгі ел жасап жатқан клип. Достарым ғой енді, ренжімейтін шығар. Өйткені расында да мен қазір локациясы күшті екен немесе мынандай екен деп көңілдеріне қарап, өтірік мақтап жатсам, ертең эфирден көргеннен кейін «қой, ондай клип емес қой» - дейді ғой.
Бұл бейнебаянда Ердос жалғыз емес. Ол «Жігіттер» тобының репертуарына бірнеше трек тарту еткен композитормен дуэт жазыпты. «Мақсатым ән авторларын насихаттау», - дейді танымал төрттіктің мүшесі.
Ердос Қанаев, «Жігіттер» тобының әншісі:
- Ол кісімен араласып жүргенімізге 15 жыл болды. «Жігіттер» квартетіндегі «Кешір мені жаным», «Алдама мені» деген әндердің авторы. «Машақат» деген бейнебаян түсірдік. Сол бейнебаянның тұсаукесері.
Иә, бүгінде тыңдарманы жылы қабылдап, трек хит болғанымен, туындыны дүниеге әкелген өнерпаздың есімі тасады қалып жататыны бар. Тіпті, шоу-бизнес өкілдері, әндерінің авторын ұмытып, олардың атын атауда сараңдық танытқан жағдайлар да жоқ емес.
Зарина Омарова, әнші:
- Жаңадан шыққан, осыдан екі апта бұрын шыққан әндерімнің авторларын біле бірмеймін әрине.
Серік Ибрагимов, әнші:
- Кейде болады енді айтпай кету. Бірақ шамам келгенше айтып жүремін.