Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен «Каникулы в Таиланде» картинасы рекордка таяп қалды. Аталмыш фильм прокаттағы алғашқы аптасының табысы бойынша «Черная пантера» лентасына ғана есе жіберген. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек.
Marvel-дің «Черная пантера» комикс-блокбастері отандық айналымға сәтті шықты. Картина Америкада алғашқы үш күннің ішінде 192 миллион доллар жинаған екен. Енді Қазақстан кинотеатрларынан бұл бес күндікте, қоржынына 180 млн-ға жуық теңге түсірді. «Черная пантера» режиссері Райан Куглер, бұған дейін «Крид: Наследие Рокки» толықметражды жұмысымен танылған болатын.
Нұрлан Қоянбаевтың продюсерлік еткен кезекті комедиясы «Каникулы в Таиланде», өткен уик-эндте мәреге екінші келді. Фильм алғашқы демалыста 150 млн теңгедей жинақтаған. Картина түсірілімі 2016 жылы Таиландта, Ко Мак аралында өткен болатын. Аяқ-асты бөтен елге тап болған бір топ кейіпкердің әзілге құрылған хикаясын, көрермен ұнатқан сыңайлы.
Үздік үштікті түйіндеген «Пятьдесят оттенков свободы» фильмінің, бұл аптадағы кассалық табысы қазақстандық комедиядан бірнеше есе аз. Тып-тыныш өмір сүруді қалаған ерлі-зайыпты Кристиан мен Анастейшаның басына қара бұлт төнеді. Оларға зиянын тигізуді ойлайтын, өткен өмірлерінен қалған қара ниетті адам бар. Күресу керек! Картина 39 млн теңгедей ақша жиған.
«Лед» ресейлік драмасы табыстылар тізімінде төртінші орында тұр. Фильм актриса Аглая Тарасова үшін үлкен кинодағы дебют болды. Ол түсірілімге кіріспес бұрын, екі ай бойы коньки тебуді үйренген екен. Картина 37 142 790 теңге көлемінде пайда тапты.
«Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмі өзінің 15 млн долларлық бюджетін әлем бойынша 10 есеге ақтап алды дейді киномамандары. Картина бұл аптада кассасын тағы 6 млн теңгеге толтырды. Аталмыш туынды «Алтын Глобустың» 4 жүлдесін және «Үздік актерлік құрам» үшін Американдық киноактерлар Гильдиясының марапатын да еншілеген.