Берлинде халқаралық кинобәйге жалғасуда. Фестиваль аясында актер Уиллем Дефо қошеметке қарық болса, бір топ режиссер үлкен жанжалдың ортасында қалды. Айтулы шараның іліп алар оқиғалары жайында тілшіміз тарқатсын.
Берлиндегі халықаралық кинобәйгеде алғашқылардың бірі болып марапатты Уиллэм Дефо еншіледі. Еңбегі еленген актердің, өзінің мансап жолында жүзге жуық картинада төбе көрсеткені бар.
Уиллем Дефо, актер:
-Керемет! Тіпті не дерімді де білмей тұрмын. Берлинале байқауымен мені талай естеліктер байланыстырады. Кино түсіруді тоқтапақ емеспін.
Алайда, Германия еліндегі бұл сапар кинобәйгенің барша қатысушысына сәтті болмады. Мәселен, әйгілі режиссер Ким Ки-Дуктың шарада төбе көрсетуі, журналистер наразылығын тудырды. Себебі, ол бұған дейін актрисаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін, жаман атты болған еді.
Күллі әлем киногерлерінің басын қосқан шара аясында, Тимур Бекмамбетов өзінің «Профайл» атты туындысының тұсауын кесті. Картина «скринлайф» форматында түсірілген.
Тимур Бекмамбетов, режиссер:
- Бұл әдіс 2015 жылы қолданысқа енді. Яғни, оқиға желісі бас кейіпкер компьютерінің экранындағы скриндер арқылы көрестіледі. Әрине, мұны түсірер алдында күмән болды.
Он күнге созылатын кинофестиваль барысында түрлі жанрдағы 400-ден астам туынды тамашаланып, соның 24-і «Алтын аю» жүлдесі үшін жарысқа түспек.