Әзірге, отандық сән өндірісте жыл бойына қандай елеулі жаңалықтар болғанын еске түсірейік! Биыл, біздің дизайнерлер Мәскеудегі Mercedes-Benz Fashion Week Russia сахнасында, сондай-ақ Дубай мен Миланда топтамаларын таныстырды!
Фэшн – нарығы тым ауқымды, сәйкесінше бәсекелестігі де аса үлкен Ресейлік сән сахнасын бағындыру кез-келгенге қол емес. Дегенмен, әркімге есігі айқара ашыла бермейтін Mercedes-Benz Fashion Week Russia, бізден барған 8 дизайнерді де жылы қабылдады.
Аида Қауменова, сәнгер:
– Ине жаншыр орын жоқ, билеттің бәрі сатылып кеткен. Қанша жан кіре алмай сыртта қалды. Бізге деген қызығушылық басым.
Ал, біздің Mercedes-Benz Fashion Week болса, төрт сәнгерді Миланда білімін жетілдіруге аттандырды. Бұл жеке топтамасын сән астанасында таныстыруға да мол мүмкіндік сыйлады.
Салтанат Баймұхамедованың да жауһар дүниелері көбінесе елден жырақта бағаланады. Бұл жолы да оны Fashion Forward Dubai негізін қалаушылар жаһандық үздік сәнгерлер қатарына қосып, апталықта топтамасын таныстыруға мүмкіндік сыйлады. Дизайнер, таяуда Біріккен Араб Әмірлігі және Таяу Шығыстағы сәнқойларға көктем-жаз коллекциясын көрсетті.
Парижден шоу -рум ашып, кіл Еуропалық сәнқойлардың талғамын дөп тауып жүрген Айнұр Тұрысбек те, биыл фэшн спектакль ұсынып, тосыннан түрен салды.
Айнұр Тұрысбек, сәнгер:
– Әр топтаманы жасамас бұрын, оны қалай таныстыратынымызды анықтап аламыз. Өнер мен сәннің дәл осы интерпретацияда үйлесуін мен әуел баста ойластырып қойғанмын. «Бата» театрымен біз идеяны жүзеге асырғанда, тіпті керемет туынды шықты.
«Ертөстік» ертегісін негізге алып, тоғыз актлі қойылым жасаған-ды. Жаңашылдықты оң қабылдағандар да, керісінше жақтыра қоймаған фэшн өкілдері де табылғанды.