Тауық жылында шығармашылық жаңалығынан гөрі, шулы оқиғаларымен ел есінде қалған жұлдыздар да баршылық. Соңғы он екі айда олардың кейбірі сот залында кездесіп те үлгеріпті. Тіпті, биыл отбасылық одағына нүкте қойып, жұртты дүрліктіргендері де жетерлік.
Жылды жанжалмен бастаған Жадо мен Меруерттің дауы 3 айға созылған еді. Сахиева, Түсіпбаеваны «талғамсыз» деп кінәлап, отандық бағдарламалардың біріне сұхбат берсе, шатақ мінезді әнші де әлеуметтік желі арқылы дизайнердің толықтығын бетіне басқан-ды. Осылай қарсыласқан қос тарап, әйтеуір 7-ші сот отырысында ғана оң шешімге келген болатын.
Жадо, сәнгер:
- Мен кешірім сұраймын Меруерт ханым, бірінші бастағаныма, кешіріңіз...
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
-Бірінші бастаған Жадыра Сахиева кешірім сұраса, сұрады! Мен де екінші болып кешірім сұраймын. Жадыра Сахиевадан кешірім сұраймын...
Иә, биыл Ақбота мен Дәуреннің де өмірі күрт өзгерді. Жұрт назарынан тыс қалмайтын екеуі, алғашқыда жұп болып бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатты. Дегенмен, жыл соңында жұбайлар дәм-тұзы жараспағанын жариялады.
Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:
-Дос ретінде араласамыз. Жұмысымыз бір болғандықтан, бірге жұмыс жасаймыз. Баласын көріп тұрады, келіп қарап тұрады.
Ақботаның құрбысы Жұлдыздың да тауық жылы танымалдылығы едәуір артты. Өйткені, жұрт оны Айқынмен жұптастырып, тіпті отандық порталдар қос әншінің ұлды болғанын да жарыса жазған болатын.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Жеке өміріме ешкімнің араласпауын сұраймын. Себебі, оның аты «жеке өмір»! Не істеймін, әйтеуір бір айтарым бала-шағам бәрі аман есен бәрі жақсы, әке-шешем бәрі қасымда. Бәрі күшті, бәрі жақсы! «Счастье любить тишину» дейді орыстар.