Балақайлардың тұсауын кесетін Сәкенді бастапқыда көпшілік «ақша алады» деп айыптаған еді. Алайда, салт-дәстүрді қадірлеймін деген әнші, пайдақұмарлыққа ешқашан жол бермегенін айтқанды. Енді, Майғазиев сол бүлдіршіндердің болашағына қатты алаңдап жүрген көрінеді.
Сәкен Майғазиев, осы уақыт ішінде 60-қа жуық бүлдіршіннің тұсауын кесіп үлгерген. Алғашқыда әр ұсынысқа қуана келіссе, кейін ойланатын болыпты. Өнер иесі ата-аналардың сеніміне сызат түсіріп алудан сескенетін көрінеді.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
-Мені үлгі тұтып, Сәкенге ұқсасын деп тұсауын кестіріп жатқанда. Ертең мен бір жерде шалыс басып, қателік жасап жатсам... «Мәссаған, мынау Сәкенге тартса деп тұсауын кестіріп едік. Ертең баламыз осындай болып жүрмесе болғаны», - деген сияқты, бір жаман атқа қалдырмасам екен деген, ол да бір аманат...
Талай бүлдіршіннің тұсауын кескен танымалдар тізімінде Нұрлан Еспанов та бар. Жауапкершіліктің жүгін жақсы сезінетін сазгердің, ата-аналарға айтары бар...
Нұрлан Еспанов, әнші:
-Бір үлкен кісі таппадыңыздар ма? «Негізі дұрыс қой, сіздің жолыңыз бөлек қой дейді. Сіз енді өнер жолында жүрген азаматсыз ғой» дегеннен кейін, мен келісемін. Мен «Оой, тұсаукесуге шақырып жатыр екен», - деп бірден бара салмаймын, апыл-ғұпыл...
Жас болса да, «Жігіттер» тобындағы Бағланға да тұсаукесу жайында бірнеше ұсыныс түсіпті. Алайда, балам өнерпаз болсын деген ата-ананың өтінішін, Әбдірайымов әріптестеріне аманаттап тапсырған.
Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:
-Бір емес екі рет тұсау кестіру ұсынысы болған. Бірінде қолым тимей қалған кезде, Ардақ Назаров бауырымыз кесіп берген. Екіншісінде Мирас пен Құралай атты аға-әпкелеріміз кесіп берген.