Естеріңізде болса, таяуда Роза Рымбаева «Семейлік әкім-қаралар бес жыл бойы туған жеріме аттап басқызбады» деп шағымданған еді. Шенеуніктер қысымын көрген тек Халық әртісі ғана емес көрінеді. Мәселен, Меруерт Түсіпбаеваның Кереку өңіріндегі билік басындағыларға өкпесі қара қазандай.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
– Павлодар облысының мәдениет басқармасына Сәрсенбаева Айнұр Мақсұтқызы деген әйел келді. Өзі жасы менен кіші. Сол кісі келгеннен кейін неге екені белгісіз, маған деген көзқарас Павлодар облысының өте өзгерді.
Өзгеруіне өзіндік себеп те жоқ емес. Шенеунік «айтқаныммен жүріп, айдауыма көнбедің» деп, маған тіс тіс қайрап қалған, - дейді Меруерт ханым.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
– Маған өзі хабарласып, екі кештің ортасында «Ертең сағат 5-те Баянауылда бол, бізде Шәкен Аймановтың памятнигі ашылады» дейді. Мен айттым, «Алматыда тұрып самолет ұшпайтын Баянауылға, кешкі бесте топ ете түсетін мен құс емеспін...»
Осы кикілжіңнен соң, Кереку өңірінде өтетін мерекелік шаралардан, соңғы кезде үнемі тыс қалып жүрмін деп қынжылады әнші. Шахизада болса Шымкентке жиі шақырту алады. Бірақ, туған өлкесінің кей атқамінерлері «аузын айға» қаратып кеткен сәттері жоқ емес.
Шахизада, әнші:
– Әкімдер де алдап кеткен. Концертке шақырып алып, тиынымызбен келісіп алып, жақсы күтіп алып шығарып салатын кезде бір әкім жоқ.
Шахизада ханымның «құр шөппен ауыз сүртетін» билік басындағылардан әлі де көңілі қала қоймапты. Тіпті, жеке шығармашылық кешімді өткізуге қолдау береді деген үміті бар.
Шахизада, әнші:
– Өзіміздің туған жерге концерт жасаймын деп, әкімшілік айтады ғой енді. «Шәке концертіңізді жасап берейік, 30 жылдық концертіңіз елде өтсін» деп. Содан міне бір жылдан асты өтіп жатыр әлі. Күтіп жүрміз.