«Музарттық» Кенжебек Жәнәбіловтың отбасылық шығындарының айлық бюджеті – 2 млн теңге. Медеу Арынбаев болса – қос перзентінің керек жарағына 200 мың теңге жаратады екен. Бақуатты өмір сүруге дағдыланған жұлдыздар, ең төменгі күнкөріс мөлшері, яғни 28 мың теңгені қанша уақытта жұмсайды?
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
– Айына есептесем, киімі бар, тамағы бар миллион жарым, екі миллионға жуық кетіп қалады екен. Өзімнің жеке шығармашылығымнан бөлек.
Кенжебек бұл шығыны егіз қызы мен ұлының үйірмелерін төлеп, «тамағын тоқ, көйлегін көк етуге» жұмсалады. Ал, жалғыз басты әке Медеу Арынбаевтың отбасылық шығыны, Жанәбіловтер жанұясымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Дегенмен, кемі – 200 мың теңге, шаңырақтың бюджетіне айына құйылып отырады.
Медеу Арынбаев, әнші:
– Азық – түлік бар, жүріс тұрысы бар. Әрине, ұл-қызымның өсе келе қаржылай талабы ол да өсіп жатыр. Биіне де барады, балам тренировкасына барады деген сияқты.
28 мың 284 теңге! Шенеуніктердің ең төменгі күнкөріс мөлшерін, осы қаражатқа теңегенін естіген жұлдыздар жаға ұстайды. Себебі, өздері күректеп тапқан табыстарын, кейде жеткізе алмай тығырыққа тіреледі екен.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
– Мәссаған, қиналып біз де мына ақшаны қайда жеткізссек екен деп, біреуден қарыз алып кететін күндеріміз болады. Жасырмай-ақ қояйық. Жанармайға ақша таппай қалатын кездеріміз болады.
Дегенмен, кейбір жандар тиындап бір айға жеткізетін осы отыз мыңға жуық қаражатты, енді бірі әп-сәтте жұмсап жіберетіндерін де жасырмайды.
Ақылбек Жеменей, әнші:
– Сони плейстейшннің бір дискісін сатып алуым мүмкін да. Ол – 25 мың, 20 мың, 30 мың тұрады.
Саят Медеуов, әнші:
– Жарты сағаттың көлемінде, мүмкін достарыңа отырып тамақ алуың мүмкін.
Молшылықта өмір сүруге дағдыланған жұлдыздар – ең төменгі күнкөріс мөлшері ретінде белгіленген 28 мың 284 теңгеге бір ай тұрмақ, бес күн өмір сүре алмайтындарын мойындайды.