Бүгін Оразбековтер әулетінде ұлан-асыр той! Жанұясы тағы бір жанмен толыққан Дастан, көптен күткен сәбиін перзентханадан шығарып алды. «Ордалық» әнші екінші ұлына қандай есім берді екен?! Бірге білейік...
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі:
-Баланың шыр еткен дауысын естіген уақытта, көзіме жас та келді. Жүрегімде дүрсілдеп кетті. Өзімде ары-бері бір орында тұра алмай қобалжып кеттім. Сондықтан да ол бір бақыт.
Иә, Дастанның толқуы да орынды. Өйткені, жұбайы Жанатпен бұл күнді 9 жыл күтті. Сондай-ақ, екінші ұлы дүниеге келер сәтте, жарының жанынан табылып, серіктес ретінде қызмет атқарған. Ал, жас ана мен сәбидің денсаулығы жақсы.
Жанат Оразбекова, Д. Оразбековтің жұбайы:
-Салмағы 2 келі, 800. 50 сантиметр болып туылды. Томпақ бала. Екі шекесі торсықтай бала. Екі беті торсықтай бала.
Аға атанған Алдиярдың да қуанышында шек жоқ!
Алдияр Оразбеков, Д. Оразбековтің ұлы:
-Мен өте қатты қуаныштымын. Мен інімнің туғанын білгенде, өте қатты қуандым. Барлық үйге айқайладым!
Оразбеков ұлым боксшы болсын деп ырымдапты. Сондықтан, нәресте болашақта былғары қолғап шебері атанса, лақап аты «ТриплДи» болмақ! Яғни, Дәрібайтегі Демирел Дастанұлы.
Дастан Оразбеков, «Орда» тобының әншісі:
-Головкинге әр кезде қызығатынбыз. Өйткені, екеуіміз құрдаспыз. Әрдайым бір әріп жетпей қалатын. Осы жолы жеткіздік «Трипл Ди» болды.
Дастан Оразбековтің қуанышына ортақтаса келген, отандық-шоу бизнес өкілдерінің қатарында Айқын Төлепберген де бар.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Бұл көптен күткен ұлы ғой. Алғашқы ұлы 9-10-да. Бұл ұлды біз де күттік, ол да күтті. Негізі естігеннен қуандық.