Тейлор Свифттің шығыны – миллиондаған долларды құраса, табысы одан бірнеше есе көп. Жаңа үнтаспасын таныстырып, әлемдік турнесіне билеттерді сатылымға шығарғалы, әншінің қазына қоржыны қампаюда. Сылқымның жарты жылдан соң өтетін концертіне қазірдің өзінде орын жоқ.
Тейлор шығармашылық жолындағы 11 -ші үнтаспасын бірер күн бұрын таныстырғанды. «Reputation» - оның мансабындағы үш жылдық үнсіздікті бұзған туынды. Сағынған тыңдарманы, сылқымның жаңа күйтабағының жеті жүз мың данасын әп-сәтте сатып алған. Темірді қызғанында соғуға машықтанған әнші, бірден әлемдік турне бастайтынын да жариялады.
Сылқым сапарын Солтүстік Америкадан бастамақ. 8-ші мамырда Аризона штатының, Глендейл қаласынан бастау алатын концерттер тізбегі, 6-шы қазанда Техаста аяқталады. Тейлор осы уақыт аралығында 27 шаһарды шарлап шықпақ.
Қызықты қараңыз! Сағындырған Свифт бикештің мамырдағы концерттеріне билеттер қазір жоқ. Келер жылдың қазанын айына жоспарлаған ән кешіне де орын таппай қалуыңыз ғажап емес. Себебі, кассадағы билеттің бар қалдығы бір пайызды көрсетіп тұр. Тейлор әдейі, бір ғана сайт арқылы сатылымға шығарып, түрлі алып-сатар боттар мен алаяқтардың жолын осылай кескен.