Қос бірдей бейнебаянды таныстырған «Алашұлы» әншілерін әріптестері тығырыққа тіреді. Өйткені, тұсауы кесілген туындылар трионың емес, жігіттердің жеке шығармашылығының өнімі. Топ жұмысын шетке ысырған серілер күтпеген сауалдарға не дер екен...?
Гүлбаһрам Байбосынова, актриса:
- «Неге сіздер жеке-жеке шығып жатырсыздар?» деген сияқты... Сіздердің продюсерлеріңіз жұмыс істемейді ме? Әлде қызық емес болып қалды ма? Әр түрлі сұрақтар туындайды ғой мысалы...
Иә, бүгінде мұндай сауалдар жігіттерге де жиі жолданып жүр. Көпшілік көкейіндегі сұрақты дөп басқан актриса Гүлбаһрам Байбосыноваға, «Алашұлының» жауабы мынадай.
Мақсат Рахмет, «Алашұлы» тобының әншісі:
-Бұл бір топтың бөлінуіне, ыдырауына алып келейін деп тұрған бейнебаяндар емес. Әр бейнебаян ішіңнен шыққан балаң сияқты. Ол жерде ойыңды жеткізесің. Яғни, мұның жаман жағын ойламау керек.
Сондықтан болар, топ әншісі Әзімбек тырнақалды туындысында жүрек қылын шертер лирикалық жанрды таңдапты.
Әзімбек Байлин, «Алашұлы» тобының әншісі:
-Біздің тобымызға сәл келмейтін болғандықтан, мен өзімнің репертуарымнан осы «Мөлдір көзің» деген лирика, махаббатқа толы әнді шығардым.
Мақсаттың жаңа клипі - ретро туындының желісімен.. Ағайынды екі жігіттің бауырмалдығын суреттейтін бейнебаян, композитор Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым» әніне таспаланыпты.
Гүлбаһрам Байбосынова, актриса:
-Айтады ғой шоу-бизнесте әннің сөзіне қарамай бейнебаян түсіре салады деп. «Ағаларымның» сөзі қандай, әні қандай, бейнебаяны қандай. Три в одном дейді ғой. Керемет!