11 жасынан сахна төрінде жүрген Мейрамбек Беспаев шығармашылығының 30 жылдығын қорытындылады! Лық толы Республика сарайындағы тыңдарманды былай қойғанда, билет таппай шарқ ұрған талай халық сыртта қалды. Арда әнші өзіне жанкүйер жұрттың, мұндай тым ыстық ықыласын көтере алмай қаламын ба деп қорқады екен...
Мейрамбек Беспаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Бұрындары, кішкене кешірімшіл болатын біздің көрермен. Совет үкіметінде ішіп те шыққан кездері болды әртістеріміздің. Қазіргі заман ондай қателіктерді кешірмейді.
Саналы ғұмыры сахнада өткен Мейрамбектің мұраты - өмірінің соңына дейін өнердегі тағынан таймау! Шығармашылық жолда орындалмаған сан армандар бар дейді әнші.
Үзеңгілестері Мейрамбектің де жалынды жас болғанын, сауық-сайран құрғанын жасырмайды. Қазір ол күндер - тәтті естелік.
Саят Медеуов, әнші:
– Ол кезде Мейрамбек пен Тоқтар студент! Екеуінің 18 жас туған күнін жасайтын боп, сенің үйіңе жасайықшы деді. Менің үйім ол кезде кішкентай жатақхана ғой. Басқа жерде жасайық десем, үшеумізде де ақша жоқ.
Дегенмен, қарызданса да, сол туған күн ақыры дүркіреп өткен. Кейін, мейрамханадағы алғашқы отырыстар шығынын Сәкен досы көтеретін болыпты.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
–Мен мейрамханада ән шырқаймын. Кешкі 7-ден бастап сонда боламын, күтемін дедім. Ол жігіттер артынып, тартынып, барын киініп, бақаны ұстанып келді. Құшақ жайып қарсы алдым. Есебін төлейтін адам бар құдайға шүкір!
Мейрамбектің мәрттігіне інілері тәнті. Қамқорлық танытқан сәттерін ұмытпаймыз дейді олар.
Ақылбек Жеменей, әнші:
– Отбасылы болып, үйленгеннен кейін жеңешемізбен бірге, осы қаланың қай районы екенін білмеймін, бір бөлмелі үйі болды да... Сол жерде қарайған адам болып жүретінбіз, ұйықтап, тамақ ішіп сол жерде.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
– Анадан, әкеден ерте айырылған баласың ғой. Қарашы, біз неге басқа әндерді жазбай, бірінші Музарттағы «Анаға сәлеммен» бастап жатырмыз дейді да. Сол әңгімесі менің жүрегімде өте қатты сақталып қалды.
Сол інілері де, жора - жолдастары мен өнерде жол көрсеткен аға буын да Мейрамбектің сахнадағы 30 жылдық ән кешінде тік тұрып қызмет жасады.