Ғашықтардың бір болуы немесе сүйгендердің айырылысуы қай заманның бітпес жыры. Отандық вайнерлер де «махаббатқа мас болып, оның машақатын бастан кешіп» жүр. Артур мен Адина, Айнасес пен Руми арасында шын сезім бар ма? Бастысы, Нағимуша өзін «алып қашқан» жігітті ұнатып қалғаны рас па?!
Айнасес пен Руми атымен танымал музыкант- вайнерлер үшін «махаббат» хақында әңгіме айту тым қиын. Тіпті, бұл жайлы сауалымызға жауап беруден жасқанғандықтан сұқбатты аяқтамай жатып табандарын жалтыратты.
Бірақ, бізден қашып құтылу оңай шаруа емес!
Айна мен Руслан, вайнерлер:
– Ақыры қуып жеттіңіздер ғой, сондықтан жауап беруден басқа шара жоқ. Жұрттың өздері бізді қосты, айырылыстырды. Ал, біз болсақ жеке өміріміз жайлы құпия сақталса деп тілейміз.
Адина Топашева мен Артур Асқарұлы да бір кездері «сезімдері» жайлы сөз қозғаудан қашқақтайтын. Бірақ, «отқа май құйюды» кәсіби әдіске балайды.
Адина Топашева, блогер:
– Қазір көріскен кезде мені құшақтап, сағынғанын жеткізіп жатыр. Үнемі солай! Бірақ, біздің арамызда махаббат ешқашан болған емес. Мұны мен тұңғыш рет сіздерге мойындап тұрмын.
Артур Асқарұлы, «Yuframe» командасының мүшесі:
– Расында, біздің арамызда сезім бар сияқты көрсеттік. Бұл аудиторияның қызығушылығын ояту үшін жасалған пиар болатын.
Артурдың айтуынша, Біржан Әшім мен Таваттың да «жалындаған» сезімдері жалған.
Артур Асқарұлы, «Yuframe» командасының мүшесі:
– Біржан мен Таваттың арасындағы махаббатты да пиар дер едім! Әрине, өмірлеріне араласқаным дұрыс болмас. Бірақ, меніңше бұл жәй ғана жарнама үшін жасалған «ғашықтар хикаясы».
Өміріне Ержан яғни Абылайхан Камалладин енгелі бері, Нағимушаның да танымалдығы арта түсті. «Алып қашу» пранкы сылқымға көптің қызығушылығын оятқандай.
Нағима Ахметова, вайнер:
– Осы күнге дейін әлі де қорқамын! Көшеде жүрген кезде, қорқамын шынымды айтсам.
Қанша жүрексінсе де, сылқым Абылайханның «ынтық» көңілін жықпаған.
Нағима Ахметова, вайнер:
– Басында болған. Қазір жоқ. Тек қана дос ретіндеміз қазір.
Сондықтан, Нағимуша бүгінде «ақбоз атты» ханзадасын күтіп жүр.