Өткен аптада отандық «Крылья подаренные матерью» картинасының тұсауы кесіліп, су жаңа фильм төл туындыларымызды тамашалауды ұнататын жандарды бір қуантқаны бар.
Ананың балаға деген мейірімі мен шексіз махаббатын сюжет желісіне арқау еткен картина жарық көрген бір аптасында, кассалық жиыны бойынша үздіктер көшінде. Алайда, қорқынышты сәттерге толы «ОНО» фильмі отандық кинопрокатта табысы жағынан бірінші орынды ешкімге берер емес. Бұл лента небәрі екі аптаның ішінде 45 миллион теңге қанжығалаған.
Аталмыш көрсеткіш отандық киносүйер қауымның қорқынышты фильмге әуестігін аңғартады. «Тайна 7 сестер» фантастикалық оқиғасы да, өзінің жинаған қаражатымен екінші орынды босатуға әлі асығар емес. Туынды бір жұмада қоржынын 19 миллион теңгеге толтырған.
Отандық көрермен, ресейлік кинокартиналарды тамашалауға қарсы емес көрінеді. Мәселен, режиссер Александр Андрющенконың «Напарники» атты туындысын көру үшін, қазақстандықтар бір аптада 11 миллионнан астам теңге қаржы жұмсаған.
«Удача Логана» атты қылмысты драмасы жеті күнде 6 миллион теңге табыс тапқан. Салыстырмалы түрде, отандық төл туынды шетелдік картиналарды жиған қаржысы жағынан басып оза алмауда.
Осылайша, кассалық табысы бойынша осы орынға жайғасқан «Крылья подаренные матерью» кинотуындысы 4 миллион теңгеге кенелген. Десек те, мұны жаман көрсеткіш деуге келмейді. Себебі, бұл актер Қажымұқан Қалымбетовтың режиссер ретіндегі дебюты болатын.