«Қайрат» пен «Астана» арасындағы тартыс!

Сообщить о проблеме с эфиром

Футболдан Қазақстан біріншілігінің желісі қазір ертегіге көбірек ұқсайды. Үш жыл бойы «Астана» ел чемпионы атағын ешкімге берген емес. Басты қарсыластары «Қайрат» болса, бұл тәжге әлі жете алмай әлек. Олар кеше өз алаңында «Ордабасыны» ойсырата ұтты, тіпті турнир кестесінің көшін бастады. Бірақ, чемпиондықтың ауылы алыста! Неге?    

Алматы «Орталық стадионында» өткен матчтың 7-ші минутында осылай есеп ашқан Жеррар Гоу еді. Дегенмен, бірінші таймда «Қайрат» пен «Ордабасы» да қақпаға доп дарыта алмады. Ойының екінші жартысы басталған тұста шымкенттік команда сапынан Азат Нұрғалиев қарымта гол соқты.

Дегенмен, араға сүт пісірім уақыт сала Жеррар Гоу дубль жасаса, Аршавин айласын асыра теуіп,  Парагульгов шірене соғып, Анене қақпашыны қапы қалдырды. Матч қорытындысы «Қайрат» пайдасына 5:1.

Жеррар Гоу , «Қайрат» ФК шабуылшысы:

-Ойын тамаша өтті. «Ордабасы» тек жеңеміз деп келетін өте жоғарғы деңгейлі команда. Бірақ, біз оларға еш мүкіндік бермедік. Әр ойында ұтыс ұпайы бізге ауадай қажет.

«Ордабасыны» ойсырата ұтып 64 ұпаймен ҚПЛ кестесінде бірінші орынға жайғасса да, «Қайрат» Қазақстан чемпиондығынан биыл тағы да қағылатындай. Себебі, Еуропа лигасында терлеп жүрген басты бәсекелесі «Астананың» әлі қосымша үш ойыны бар. Қазірдің өзінде қос команданың арасын тек екі ұпай бөліп тұр. 

Алматылық клуб ел чемпионы атансақ деп, бітуге таяған Қазақстан біріншілігіндегі әр матчта жеңіс үшін жан салуда. Сенім аз, бірақ жанкүйерлерін өлтірмес бір үміт бар. «Қайрат» биыл тағы да қапы қала ма, әлде асығы алшы түсе ме?! Ендігісі уақыт еншісінде.